Профессионалдар. Флорист
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Гүлдер әйелдер қауымы қызығатын ең ерекше дүниенің бірі. Олар, әсіресе, гүлді еш себепсіз сыйлыққа алғанды жақсы көреді.
Кез келген адам флорист бола ала ма?
Флорист - бұл ерекше гүл композицияларын жасайтын және ландшафты дизайнға қатысатын маман. Алайда Қазақстанда ЖОО-да бұл мамандықты арнайы оқытпайды. Тек бірнеше күндік ақылы курстар арқылы білім алуға болады.
Флористика тек әйелдерге арналған мамандық деген қате түсінік бар. Ал шындығына келгенде ерлер әйелдермен салыстырғанда гүлдермен жұмыс істеуде кем түспейді. Сондықтан бұл мамандық әйелге арналған деген пікір қате. Флорист кез келген дизайнер сияқты стильді сезініп, күнделікті өмірде әдемілік таба білуі керек. Егер осы салаға келген адамның бойында шығармашылық, сұлулықты сезіну, композиция үйлестіре білу сияқты қасиеттер болса, онда оның флорист болуға мүмкіндігі бар.
Елордадағы гүл дүкенінің флорисі Руслан Мамитов гүл саласында жүргеніне 20 жылдай болғанын айтады.
Бұл салаға келгеніме 20 жылдай болды. Осы уақыт бойы флорист болып жұмыс істеп келемін. Өзіме ұнайтындықтан осы қызметке келдім. Флористикада ер адамдар аз емес, көп деп айтсам да болады, - дейді флорист.
Ол флорист болу үшін адамның бойында фантазия, идея болса жеткілікті екенін айтты.
Мысалы, ақ пен қызыл түсті гүлдер немесе қызыл мен сары бір-біріне үйлеседі. Егер флористің бойында фантазия болмаса, ол үйлесімділікке үйрену керек. Бұрын флорист оқуы мүлде болмады. Алғашында маған гүлдер ұнағандықтан, өзім үшін үйрене бастадым. Әсіресе, гүлдердің атауларын жаттай бастадым. Себебі атаулары өте көп. Ойыма түрлі идеялар келе бастаған соң, флористикаға келдім, - дейді Руслан.
Оның айтуынша, қазір түрлі курстардан өтіп, флорист болуға мүмкіндік көп.
Қазіргі кезде мамандарға арнайы оқу курстары бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы салаға енді келген мамандар үшін арнайы курс өткіздім. Себебі бұл мамандықты оқытатын арнайы оқу орындары жоқ. Оған қоса, оқып үйренудің еш қиындығы жоқ. Бастысы адамның ойы жан-жақты болса болғаны. Флористі жұмысқа алмас бұрын, алдымен 3-4 күн тәжірибеден өтіп, өз жұмыстарын көрсетеді. Ең бірінші оның фантазиясына, екіншіден жылдамдығына және адаммен қарым-қатынасына қараймыз. Себебі флорист психологиялық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Гүл алуға да түрлі кісілер келеді. Біреуі ашуланып, бірі қуанып келеді, - дейді маман.Бір букетті жинау оны жинаған флористке байланысты. Гүлді реттеп, тазалап алса, 10-15 минутта тез жинауға болады.
Руслан Мамитов кез келген адам өз мамандығын жақсы көрсе, соны тез алып кетеді дейді. Сондықтан әр адам өз мамандығын жақсы көруі қажет. Сонда ғана еңбегі нәтижелі болады.
Қалыңдық гүлін не той букетін қалай жинайды?
Руслан той букетінің қалай жасалатынын көрсетті.
Букетті жасамас бұрын қалыңдықтар өздері келіп гүлдерді таңдайды. Ал біз гүлдің түсін таңдауға көмектесеміз. Таңдау барысында ақыл-кеңесімізбен бөлісеміз. Қай гүл қай гүлмен сәйкес келетінін айтамыз. Мысалы, бұл - раушан гүлі. Бүгінгі той букетіне қалыңдық осы гүл түрлерін таңдады. Ал бұл гүл эустома және гипсофила. Эустоманың түрі өте көп. Осы үш гүлдің жиынтығынан той шоқ гүлін әзірлейміз, - деп гүлдерін реттеуге кірісті Руслан Мамитов.
Той гүлін жинаған кезде жапырақтарын алып тастау керек.
Себебі жапырақтарын алып тастағанда гүлді ұстауға ыңғайлы болады және жинақы тұрады. Оның үстіне гүлді суға салғанда ең алдымен жапырақтары су ішеді, ал оны алып тастаған кезде су бірден гүлдің басына барады, - дейді флорист.
Русланның айтуынша, қалыңдықтың той букеті тапсырушының қалаған бағасына қарай жасалады.
Букеттің ең азы 9 раушан гүлінен жиналады. Оның бағасы 10 мың теңгеден басталады. Тек қана раушан және гипсофила гүлдерінен букет әзірлеуге де болады. Ол арзандау шығады. Ал қазір жасап жатқан букеттің сомасы – 12 мың теңге. Бұған дейін жасаған осындай композицияның ең қымбат бағасы – 23 500 теңгеге шықты, - дейді ол.
Гүл түсін таңдауда да түрлі нұсқалар болады. Айта кетейік, той гүлін қағазбен орамайды. Тек лента ғана байланады.
Бүгінгі гүлдер қалыңдықтың көйлегіне сәйкес таңдалды. Негізі той гүліне тапсырыс алмас бұрын, алдымен қандай түс керек екенін сұрап аламын. Себебі мейрамханада жас жұбайлардың суретке түсетін орны, резидиум болады. Кейде гүлдерді де ресторанның безендірілуіне қарай таңдаймыз. Кейде гүлді күйеу баланың галстугінің түсіне қарай таңдайды. Мысалы, қызыл болса, қызыл гүл қосуға не қызыл лентамен безендіруге тырысамыз. Гүлдің формасы да әр түрлі етіп жасалады. Мысалы, қыз көйлегінің етегі кең болса, букет те сол формаға сәйкестендіріліп жиналады, - дейді Руслан Мамитов.
Флористикада гүлдерді спираль бағытымен бір жақ бетке қарай жиналады. Мысалы, мына букетте бүлдердің барлығы бір жаққа қарай жиналған.
Той гүлінің көлемі, ұзындығы 17х17 болуы тиіс. Дегенмен тапсырыс беруші қыздар кейде ұзын болғанын, кейбіреулері қысқа болғанын сұрайды. Негізі ұзындығы шамамен 20-22 см болады. Қазір жасап жатқан гүліміздің ұзындығы – 21 см. Мұндай букеттерге тапсырысты 2-3 күн бұрын аламыз, - деді гүлді әзірлеп болған Руслан.Той гүлі дайын болды. Оған шамамен 15 минуттай уақыт кетті.
Енді қалған жиынтығын жасаймыз. Олар күйеу бала, оның жолдасы мен қыз жолдастың гүл жиынтықтары. Бұл жиынтықты жинағанда арнайы магниті болады. Бұл да бір жаққа қарай жиналады. Киімнің сол жақ кеуде тұсына тағылады. Бұл да той букетіндегідей гүлдерден жасалады. Тек бірнеше ерекше жапырақ қостым. Ол мемоза гүлінің жапырағы. Олардың бағасы 700 теңгеден. Ал той шоқ гүлі 12 мың теңгеге жасалды, - деді флорист.
Флористер 8 наурызды асыға күтеді
Біздің дүкенде бір гүл букетінің ең төменгі бағасы 3 000 теңгеден басталады. Осы жылы 8 наурыз мерекесінде 250 мың теңгелік гүл букетін әзірледім. Оның ішінде түрлі экзотикалық гүлдер мен сыйлыққа телефон салынды. Сол үшін қымбатырақ шықты. Флористер жылына 1 рет келетін 8 наурыз мерекесін асыға күтеді. Не үшін? Себебі айтулы мерекеге орай гүлдердің сан алуан түрі келеді. Күнделікті көретін гүлдерді емес, ерекше түрлерін күтеміз. Айрықша гүлдермен жұмыс істегенде өзіміз де қуанып қаламыз, - дейді флорист.
Русланның айтуынша, әр гүлдің өзінің кезеңі болады. Мысалы, хризантема күздің гүлдері, 3 ай бойы болады. Ал раушан гүлдері 4 маусымда да өсе береді.
Гүлдер Голландия, Эквадор, Колумбиядан келеді. Аптасына 2 рет гүлге тапсырыс береміз. Онымен арнайы айналысатын мамандар бар. Олар бізбен, яғни флористермен ақылдасып, гүлдерге тапсырысты интернет арқылы жасайды, - дейді ол.
Гүлдердің бағасы неге қымбат?
Руслан Мамитов гүлдердің бағасы еуроға тәуелді дейді.
Гүлдерді шетелден алатын болғандықтан еуроның нарықтағы бағасына қарай қоямыз. Себебі еуро кейде көтеріледі, кейде түседі. Гүлдің бағалары тікелей еуроға тәуелді. Мысалы, 40 сантиметрлік мына раушан гүлінің бағасы – 299 теңге. Қазақстанда өсірілетін розалар бағасы 250-300 теңгеден. Ал бізде голландиялық гүлдер. Голландияның гүлдеріне химикаттар көп беріледі. Сондықтан ол гүлдер көпке дейін сақталады. Ал өз еліміздегі гүлдер ұзаққа дейін сақталмайды, - дейді ол.
Сондай-ақ, флористің сөзінше, Қазақстанда өсірілетін гүлдер голландиялық гүлдермен салыстырғанда кішірек. Осы себепті Голландиямен жұмыс істейтін көрінеді.
Гүлдерді қалай күту керек?
Әр гүл ерекше күтімді қажет етеді. Әсіресе, раушан мен гортензия гүлдерін күту қиынырақ. Ал хризантемалар 30 күнге дейін сақталады.
Гүлдерге салқын су құйған дұрыс. Мысалы, күніне бірнеше рет салқын сумен ауыстыру қажет. Сондай-ақ, түбін кесіп отырған жөн. Егер гүлді судың ішінде ұстап қиғашынан кесетін болсаңыз, клапандары ашылып, гүлге тез су барады. Сонда гүл жақсы сақталатын болады. Жақсы раушан гүлі 14-15 күнге дейін сақталады. Көбіне гүлді алушылар түрі әдемі болса болды деп алып, сыйлай салады. Алайда гүлге де күтім қажет екенін естен шығарып жатады. Кейде гүлді қалай күту қажет екенін сұрайтындар да болады. Оларға қалай қарау керек екенін түсіндіріп айтамыз. Салқын су болса болды, - дейді флорист Руслан Мамитов.
Бөлменің ішінде ауа температурасы 12,3 градус. Себебі гүлдерді салқын жерде ұстау керек.
Оның сөзінше, мерзімі өткен гүлдермен бухгалтерлік есеп бөлімі айналысады. Оларды алдымен санап алады. Кейін қораптарға салып, қоқысқа тастайтын көрінеді.
Флорист жігіт жақындарына гүлді жиі сыйлай ма?
Әйелімнің 2 қыркүйекте туған күні болды. Алайда гүл сыйлау есімнен шығып кетіпті (күлді). Негізі көңіл-күйіме қарап гүл беремін. Көбінесе гүл алуға келген жігеттерден сұрағанда, қызын, әйелін ренжітіп қойып, енді көңіл-күйін көтеру үшін гүл сыйлайтынын айтады, - дейді маман.Сондай-ақ, ер азаматтарымыз тек туған күн не арнайы мерекеде ғана емес, кейде жақынын қуантқысы келіп, гүлге тапсырыс беріп жатады. Кейде көңіл-күйім жақсы, айлық алдым, сол үшін гүл берейін деп келіп тұратындар бар екенін айтты Руслан.
Хризантеманы үлкен жастағы әпкелеріме, апаларыма жиі сыйлаймын. Хризантема 30 күн тұрады деп айтып едім ғой. Енді қараңыз, 30 күн бойы үйде осындай әдемі өсімдіктің жақыныңды қуантып тұрғаны керемет емес пе?! Сол үшін раушан гүліне қарағанда көп тұратындықтан осы гүлді немесе экзотикалық гүлдерді сыйламын. Мысалы, әйелім лилия гүлін жақсы көреді, 1-3 айда бір реттен сүйікті гүлін сыйлап, қуантып тұрамын. Жиі сыйлаймын деп айта алмаймын. Себебі өзім гүлмен жұмыс істегендіктен болар. Көңілім бүгін гүл сыйлағысы келсе, бүгін сыйлай саламын. Ертең де сыйлағым келсе, ертең де беремін. Гүл сыйлау көңілге байланысты. Әйелім де жиі сыйламайсың деп ешқашан ренжіген емес. Гүл дегенің бақыт қой. Сыйлыққа алған кезде әр қыз бала қуанышқа бөленеді, - дейді ол.Сондықтан гүлді жақынын қуантып, бақытты ету үшін беретінін жасырмады.
Ер азаматтардың арасында қыз-келіншектерге мүлде гүл сыйламайтындар да бар дейді флорист.
Үйімде бөлме гүлдері көп. Олардың саны - 35. 15 жылдан бері бөлме гүлдерін өсірумен айналысамын.
Сізге қандай гүл ұнайды?
Гартензия гүлдерін түсіне қарай сыйлауға болады. Мысалы, ашық қызғылт түсті гартензияны 5 жастан 18-20 жасқа дейінгі қыз балаларға, ақ түсін ер адамдарға, жасы үлкен кісілерге, күлгін түсті гүлді 25-50 жас аралығында қыз-келіншектерге сыйлауға болады.
Бөлмеде пиона, гартензия, эустома, лилия сияқты гүлдер бар. Фионаның мерзімі маусым, шілде, тамыз айлары. Бұл гүлдер елордада да өседі.
Хризантема гүлдерінің маусымы енді басталды. 3 айға дейін жалғасады. Бұл гүлді үйде алдымен ыстық суға салып, 5 см кесіп, кейін салқын суға салу қажет. Осылайша, жақсы күтім болса, 30 күнге дейін сақталады. Хризантеманың түрі де, атаулары да көп. Хризантеманың ашық қызғылт түстерін жас қыздарға сыйлауға болады. Дегенмен бұл гүл үлкен жастағы апаларымызға сыйлайтын гүлдің бірі. Тазалық, сыйластық мағынасында жастардың үлкендерге сыйлайтын гүлі, - деді Руслан Мамитов.
Лилия да ыстыққа да, салқынға да шыдамды гүлдердің бірі.
Гартензияның боялған түрлері бар. Голландиядан гүлге арналған арнайы бояумен боялған. Оның ешқандай зияны жоқ – адамдарға да, гүлдерге де.
Бұл раушан гүлдері. Барлығы Голландиядан келген. Ашық түстілерін жас қыздарға сыйлауға болады. Гүлдерді арнайы су құйылған вазада сақтаймыз. Гүлдің суы үнемі таза болуы тиіс. Сондықтан 2-3 күнде бір рет таза сумен алмастырып отырамыз. Бұл гүлдің 1000-нан аса түсі бар. Голландияда раушан гүлдердің түсі сан алуан. Осыдан бір ай бұрын жаңадан шыққан ашық күлгін түсіне тапсырыс бере бастадық, - дейді ол.Негізінен қызыл, ақ түсті раушан гүлдері тез сатылып кетеді.
Гүлдердің негізінен бәрі шетелдік атаулар. Сондықтан біз де олардың қойған аттарымын атаймыз. Қазақша атаулары жоқ. Кейде тұтынушылар гүлдердің атауын сұрап, қызушылық танытып жатады, - дейді маман.Флористер сатумен емес, қандай гүл, оны қай жағдайда беруге болатынын айтатын кеңесшілер.
Гүл сатып алушылар флорист емес, сондықтан гүл туралы білетіндері аз. Көбісі тек қана раушан гүлін ғана біледі. Ал флористер тұтынушыларға экзотикалық болсын, басқа да гүлдер туралы мәліметтерді береді, - дейді Руслан Мамитов.Оның айтуынша, астанада мықты, танымал флористер көп және олар бір-бірімен байланысып тұрады.
Гүл бизнесіне келу үшін қаражат қажет...
Флорист бұған дейін өзі жеке гүл бизнесімен айналысқанын айтты.
Алматыда тұрғанымда 2004-2007 жылдарда өзімнің 4 гүл дүкеншігім болды. Ол кезде жұмысым ойдағыдай жүрді. Гүл алушылар да көп болатын. Кейін астанаға көшетін болғандықтан, бәрін өткізіп, сатып жібердім. 2011 жылы елордаға көшіп кеттім, - деді Руслан Мамитов.Оның сөзінше, жаңа қалада бизнес бастау қиын болған.
Жаңа қалаға келіп, жаңадан бизнесті бастау қиын болды. Себебі Алматыда бірлесеп жұмыс істейтін таныстарым көп болды. Ал астанада ешкімді танымайсың, ешкім саған көмектеспейді. «Гүл алайын, ақшасын кейін берем» деп те ешкімге айта алмайсың. Оның бәрін жасау үшін қаражат қажет болды. Алайда, «Атамекенге» бизнес жоспарды ұсынып, өтінім де жаздық. Одан еш нәтиже шықпады, - дейді флорист.Оның Нұр-Сұлтанға келгеніне 10 шақты жыл болды. Келген күннен бастап үлкен гүл дүкендерінде жұмыс істей бастаған.
Флористердің орташа айлығы қанша?
Карантинке дейін дүкенде 15-ке жуық флорист жұмыс істеді. Оның арасында мен де болдым. Яғни тек «доставка» бойынша жұмыс жалғасты. Карантин кезінде жұмысқа 2 ауысым бойынша 3 флорист шықтық. Яғни 15 флористің карантин кезінде тек 6-уы кесте бойынша жұмыс істеді. 2 күн 3 флорист, келесі 2 күнде екінші 3 флорист тобы шықты, - деп карантин (ТЖ) кезіндегі жұмыс кестелерімен бөлісті.
Оның айтуынша, кестеге енбей қалған әріптестері ең төменгі жалақыны не болмаса 42 500 теңгені алды.
Алайда қалған әріптестерім табыссыз қалғандары үшін мемлекет тағайындаған 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алды деп ойлаймын, - дейді ол.Руслан Мамитовтің айтуынша, флористердің орташа айлық жалақысы 140-150 мың теңге.
Сонымен қатар, жұмыс орнында карантин талаптары сақталғанын айтты.
Санитарлық-гигиеналық құрал-жабдықтар бар, антисептик, сондай-ақ қызметкерлер мен келушілер тек маскамен кіреді. Гүл алуға келгендерді маскасыз дүкенге кіргізбейміз, - деп карантин талаптарын сақтап жатқандарын айтты ол.