Профессионалдар. «Аққу» күйіне билеген қыз елді тамсандырды

Әлеуметтік желілерде «Trible Fusion» стилін қазақ биімен ұштастырған Зарина Төлеуованың биі көпшілікті таң қалдырды. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі көпшілік қауымның ықыласына ие болған биші қызбен сұхбаттасып қайтты.

– Заманауи би стиліне қазақы бидің элементтерін қосу ойы қайдан пайда болды? Екі стильді қосуда қиындықтар туындаған жоқ па?

– Әлеуметтік желілерде тараған бидің аты - «Аққу». Оны қою қиын болған жоқ. Бұл музыка менің жаныма жақын, сондықтан барлық қозғалыс менің басымда оңай туындады. Бірақ әртүрлі қозғалыстар мен би бейнесін бір концепцияға үйлестіру қиынырақ болды. Мен бұл биді Алматы қаласында өткен «Almaty Dance Fest» фестивалінде көрсеттім. Сахнаға шықпас бұрын ұзақ уақыт бойы дұрыс киім іздедім. Бұл заманауи қазақ биі болғандықтан, бір жағынан сәнді,  екі жағынан ұлттық нақыш көрінетін киім табу керек болды.

- Сіздің орындауыңыздағы «Аққу» биінің ерекшелігі қандай?

- «Аққудың» әніне құлақ салатын болсақ, онда көптеген екпін мен дыбыс бар екенін байқалады. Олар  маған тұяқтың қағысын еске түсірді. Тәжірибелі биші ретінде мен осы бейнені дене импульстары арқылы көрсеткім келді. Ал қол қозғалыстарына Trible Fusion стилі мен қазақ билерінен шабыт алдым. Сондықтан нөмірдің соңын аққуша нәзік аяқтағым келді. Өкінішке қарай, төреші неге дәл осылай аяқтағанымды бірден түсінбеді, бірақ ең бастысы көрермендер бағалады деп ойлаймын.

– Бимен қашан айналыса бастадыңыз? Қызығушылық неден туындады?

Би өнерімен 15 жасымда айналыса бастадым. Әлеуметтік желілерден паппинг (би стильінің бір түрі) бойынша әлем чемпионатының бейнежазбаларын көретінмін. Осылайша, паппинг стиліне қызығушылығым оянды. 2012 жылы АҚШ-қа барып, осы стильде шеберлік сабағын алдым. Кейінірек, бұл бағытты өз қаламда да насихаттай бастадым.

Қазір Trible Fusion стилімен айналысып жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Адамдарға менің биім ерекше болып көрінеді, өйткені кейде мен паппинг пен трайпл стильдерін біріктіремін.

Өзім туралы айтсам, туған жерім - Қарағанды қаласы. Дегенмен, балалық шағым Орал қаласында өтті. Өскен соң, туған жеріме оралып, жоғары оқу орнын Қарағандыда бітірдім. Осы жерде  алғаш рет паппинг мектебін аштым. Қазір ол жақта менің шәкірттерімнің өз шәкірттері бар. Өзім бүгінгі күні елордамыз Астанада тұрамын және осында жұмыс істеймін, би өнерін және ағылшын тілін үйретемін.

– Қазақ билерін ары қарай да осы стильмен ұштастыру ойыңызда бар ма?

Алдағы уақытта Абай әндерін, «Дос Мұқасан», «Мюзикола» топтарының әуендерін өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, би арқылы қайта жаңғыртқым келеді. Қазір заман өзгеріп келеді, заманаға сай қайта өңделген бұрыңғы өнер туындылары бүгінде сұранысқа ие.

Жалпы заманауи стильдегі бишілер үлкен сахнада бағаланғанын қалаймын.

Сондай-ақ, театр, жанды музыкамен немесе опера және балет оркестрімен жұмыс істегім келеді. Отандық бишілердің деңгейі өте жоғары, олардан үйренерім көп.

Әлемге әйгілі балериналардың орындауындағы «Аққу көлін» талай тамашалап «Олар «паппинг» стильін үйреніп, қойылымдарына осы стильді қосса ше?» деп ойлайтынмын. Алдағы уақытта қазақ билерін заманауи стильмен ұштастырып, әлемге танытқым келеді.

 - Сұхбатыңызға рахмет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы