Профессионалдар. Әлеуметтік қызметтегі әйелдер

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ «Байқоңыр» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Роза Қарабекқызы Байсалбаевамен сұқбаттастық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Роза Байсалбаева өз отбасында асыл жар, аяулы ана ғана емес, сонымен бірге мамандығын жақсы меңгерген, әлеуметтік саланың қиындығын, ыстығы мен суығын қатар көрген майталман маман. Біздің кейіпкеріміз өзі еңбек ететін саланың және жеке еңбегінің қоғам мен адамдар үшін маңызы зор деп есептейді.

- Роза Қарабекқызы, еңбек жолыңыз қалай басталды? Туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз жайында әңгімелеп берсеңіз?

- Мен осы Астана қаласының тумасымын, көпбалалы отбасында туып өстім, 12 баланың ішінде алтыншысы боламын.

Әкем құқық қорғау органдарында қызмет етті, ал анам болса бала тәрбиесімен айналысты. Туып-өскен ортам, жайдарлы, көпшіл, жарасымды жанұя деп айта аламын. Ата-анамның мейіріміне тойып есейген қызбын. Анам қыз балаға тән барлық тәлім-тәрбиені берді, әкем қызметке адал болуды үйретті. Өзімнен кейінгі бауырларыма қамқор болдым. Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын барынша бойыма сіңіріп өстім. Мамандығым бойынша инженер-педагог боламын, Целиноград ауылшаруашылық институтын бітірдім.

Еңбек жолын 1996 жылы жұмыспен қамту орталығында жетекші маман болып бастадым. Әлеуметтік салада қызмет істегеніме биыл 33 жыл толады. Отбасым бар, жолдасым екеуміз екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

- Өзіңіз басшылық етіп отырған әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімнің жұмысына тоқталсаңыз?

- Бүгінде «Байқоңыр» ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» басшылық қызметте жүргеніме биыл 3 жыл толады. Біздің орталыққа 2 мыңнан астам қызмет алушы келеді. Қала зейнеткерлері үшін жаттығу терапиясы, йога, айкуне, Цигун тыныс алу жаттығуы, кунг-фу, би, скандинавиялық жүріс, арт-терапиясы, еңбек терапиясы, ағылшын, қазақ тілдері, компьютерлік курстар, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал үйірмелері тегін жұмыс істейді.

Біздің мақсатымыз - қала зейнеткерлерін белсенді өмір салтын ұзарту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру.

- Бүгінде басшылық қызметте жүрсіз? Әйелдердің жетістікке жету құпиялары неде?

- Қандай мекемеде қызмет атқарсам да, адал болуға тырыстым. Іске адал болу – әрдайым абырой әкелетінін білемін. Әйел адам жетістікке жету үшін барынша білімді, білікті, үлкенге құрметпен қарау керек деп ойлаймын. Әйелдердің жетістікке жету жолында құпия бар деп ойламаймын. Тек атқарған қызметте өзіңнің іскерлігіңді таныта білуің керек.

- Әлеуметтік қызметте жүрген әйелдердің ерекшелігі неде?

- Осы орталықтың рухани, мәдени дамуына баса мән беру – жетістікке жеткізетінін білемін. Қызмет алушылардың психология тұрғыда қарым-қатынас жасауына көңіл бөлу, кейбір егде жастағы зейнеткермен жеке сөйлесіп, қолдау көрсету қажет. Жас мамандарға көппен жұмыс істеу барысында ақыл-кеңес беру, пікірлесіп отыру маңызды деп есептеймін. Қызмет алушылармен тиімді жұмыс істеу үшін стреске төзімді, көппен тіл табыса білу, жұмысын шексіз сүю қажет деп санаймын.

Әйелдер ұжымды басқаруда ақыл-ой, зейінін жұмысқа бағыттайды. Ұжымда дұрыс көңіл-күйдің болуына көбірек көңіл бөледі. Мінез де, кей тұста қатал қадағалау да қажет болады.

- Әйел басшы болған жерде тәртіп болады деп жатамыз... Әдетте, әйелдер ұжымды басқаруда ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен ерекшеленеді. Қоғамдағы әйелдер рөлі қандай? Гендерлік әлеуметтендіру жайында пікіріңіз қандай?

- Бүгінде елімізде әйелдердің рөлі артып келеді. Әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық саласында ер-азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Депутаттық, министрлік басқа да басшылық қызметтер атқаруда лауазымды әйелдер санының басым болуына Мемлекет басшысы да қолдау көрсетуін атап айтты. Гендерлік әлеуметтендіру ізгілікке бағытталу керек.

Жалпы, әйел заты қазақ қоғамында қашанда ардақты саналған.

- Роза Қарабекқызы, әйелдер мерекесі қарсаңындағы жүрек жарды лебізіңіз?

- Халықаралық мереке алдында еліміздегі барша ана жыламаса екен, ұрпағының бақытына бөленсе, бақытты бейбіт елде өмір сүрсе екен деген тілегім бар.

Көктем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізге нұр шашсын.
Әрқашан шаңырақтарыңызда береке болып, үйіңізден жылылық кетпесін.

- Әңгімеңізге рақмет! Мереке құтты болсын!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы