Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға қайтарымсыз грант табысталды
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант сертификаттары табыс етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы #272 санды "Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес екі азамат 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант иеленді.
Грант мал шаруашылығын дамыту мақсатында бөлініп, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл азаматтардың болашақта өз істерін ашып, ауыл шаруашылығы саласында табысқа жетуіне зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Салтанатты шараға Қазалы аудандық прокуратурасының прокуроры Н.Бейбітәлі, Мансап орталығы филиалының директоры міндетін атқарушы И.Жалиев және Қазалы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Б.Муратбаев қатысып, грант иелеріне сәттілік тіледі.
Мемлекеттік қолдау азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларды қайта әлеуметтендіруге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған. Грант иегерлері мал шаруашылығын дамыту арқылы өз кәсібін кеңейтіп, қоғамға оң үлес қосатындықтарына сенім білдірді.
Мемлекеттен қаражат алғаныма қуанып отырмын. Енді мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібімді дамытуды жоспарлап отырмын.Отбасымды адал еңбегіммен асырап, қоғамда ға пайдамды тигізссем, - деді есептегі азамат.