Пробация есебіндегілерді жұмысқа алғысы келмеген 5 басшы жауапқа тартылды
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде пробация есебіндегі тұлғалар жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнеу аудандық прокуратурасы пробация қызметінің жұмысына талдау барысында пробация есебіндегі адамдарды жұмысқа орналастыру саласындағы бұзушылықтарды анықтады.
Облыс әкімінің 2024 жылға арналған қаулысы негізінде есептегі адамдарды жұмыспен қамту үшін 5 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарына квота бекітілген.
Алайда кәсіпорындар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес аталған санатты азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындамаған, - делінген Бейнеу аудандық прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратураның араласуынан кейін белгіленген квотаға сәйкес пробациялық бақылаудағы 7 адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, қадағалау актісі бойынша Қазақстан Республикасының еңбек саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 5 мемлекеттік кәсіпорын басшысы ҚРӘҚБтК-нің 98-бабы 1-бөлігінің 4)тармағымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - деп хабарлады прокуратурадан.