Президенттің Жолдауы: Айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет
Президент өңірлердің экономикалық басымдықтарын айқындап, өндіріс орындарын жоспарлауда үйлесімділікті күшейтуді тапсырды.
Қазақстанда сирек кездесетін металдар қорын қалыптастырып, отандық өндірісті жаһандық нарыққа шығару көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту кезінде өңірлердің ерекшелігін ескеріп, кәсіпорындар, ғылым, білім және логистика салаларының өзара байланысын күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр. Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс. Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек, - деді Президент.
Айтуынша, инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз. Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алатынын ескертті. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн, - деді Президент.