Президенттің Жапонияға сапары: 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 миллиард АҚШ долларынан асатын коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы мақсатта Президент Токио қаласында Жапонияның ірі бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізеді. Сапар барысында барлығы 40-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.
Келісімдер энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен өнеркәсібі және көлік салалары сияқты экономиканың негізгі бағыттарын қамтиды.
Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының өкілдері қол қояды. Ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO компаниялары қатысады.
Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланған.