Президенттің төрағалығымен халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде кеңес өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеңес барысында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің атаулы әлеуметтік көмек көрсету жағдайлары жөніндегі есебі тыңдалды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Жиынға премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Тимур Сүлейменов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті әлеуметтік саясаттың айрықша маңызы, әсіресе, ауыр жағдайға тап болған адамдармен қатынасты қалыптастыруда екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан президенті цифрлық платформаны қолдана отырып, бірыңғай әлеуметтік картаны кешіктірмей енгізу қажеттігін айтты.
Кеңес барысында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің атаулы әлеуметтік көмек көрсету жағдайлары жөніндегі есебі тыңдалды.
"Осы маңызды салада халықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек көрсету шаралары кезінде заң бұзушылықтар, тіпті, алаяқтық жолдар да анықталды. Бұл бюджет үшін жоспарланбаған шығын", – деп баяндады Бердібек Сапарбаев.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекет басшысы аталған саладағы теріс әрекеттерді жою үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министріне атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібін реттеу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, сондай-ақ, президент әкімшілігі мен үкіметке бірқатар нақты тапсырма берді.