Президенттің тапсырмасы бойынша бес жас ғалым баспаналы болды
Жас ғалымдарға пәтер сертификаттары берілді.
Бүгін Білім күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Аталған шара Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылым саласына жас кадрларды тартуға жағдай жасау. Осы мақсатта Комиссия Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында еңбек ететін жас ғалымдар арасынан баспанамен қамтамасыз етуге үміткерлердің кезекті тізімін айқындады.
«Бүгінгі айтулы күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстап отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың маңызды бір көрінісі. Сіздер бүгін тұрғын үйге өтеусіз негізде қол жеткізуге мүмкіндік беретін пәтер сертификаттарының иегері атанып отырсыздар. Осы қуанышты сәт баршаңызға құтты болсын! Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта өтеусіз негізде берілетін пәтер сертификаттарымен қатар «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары да жас зерттеушілердің баспаналы болуына мүмкіндік береді. Мұндай шаралар жас ғалымдарға әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ғылыми ізденістеріне алаңсыз көңіл бөліп, еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлес қосуына жағдай жасауға бағытталған», – деді Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы Кәдірбек Володя қуанышын білдіріп, жас ғалымдарды қолдауға бағытталған мұндай шаралар әлеуметтік қолдаудың және ғылыми қызметті ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарды қолдау бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай шаралар олардың ғылыми әлеуетін арттыруға, ғылым саласына жаңа кадрларды тартуға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлердің қалыптасуына оң ықпал етеді.
Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар жас ғалымдарды әлеуметтік қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі болып отыр. Тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беру арқылы жас зерттеушілерге ғылыммен тұрақты айналысуға, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға жағдай жасалып келеді.