Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге бағытталады – Жамаубаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы қандай міндеттемелерді іске асыруға бағытталғанын түсіндірді.

Сөзінше, заң жобасы Мемлекет басшысының биылдың басында берген тапсырмаларын және мемлекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға бағытталған.

Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр. 

Ол бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылғанын түсіндірді

- бюджеттің өз кірістері – 1,1 трлн теңге;

- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт – 1,6 трлн теңге.

Ұлттық қордың түсімдері мен шығыстарының теңгерімі жыл соңында оң болады деп болжанып отыр. Кірістері мен шығыстарының қайта қаралуын ескере отырып, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Бюджет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұлғая отырып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Тапшылық Жалпы ішкі өнімге 3,3% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге өсе отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр, - деді Жамаубаев.

Айтуынша, Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге бағыттау ұсынылып отыр. Бұл - күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын көтеруге, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы диверсификациялауға арналған шығыстар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы