Қазақстан президенті швейцариялық әріптесінің назарын бірлесіп атқарар жобаларға аударды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясының президенті Ули Мауермен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының алаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария президенті Ули Мауермен екіжақты кездесу өткізді.Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымда өзекті мәселелерді талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
"Швейцария – Қазақстан үшін екіжақты сауда және инвестиция көлемі бойынша Еуропадағы негізгі әріптес. Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық салалардағы жобаларды белсенді дамытып келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті швейцариялық әріптесінің назарын қаржылық қызметтер, машина жасау, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, туризм салаларында бірлесіп атқарар бірқатар перспективалық жобалардың бар екеніне аударды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Мауераны биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.