Президенттің саяси реформалары қалай жүзеге асырылуда?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды саяси бастаманы жария етіп, аталған бастамаларды іске асыру жөнінде тиісті жоспар қабылданған болатын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook-тегі парақшасында бұл жұмысқа Ұлттық кеңес мүшелері де ат салысып жатқанын, сонымен қатар Қазақстан заңнамасына қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын жазды.
Сонымен, маңызды бастамалардың бірі бейбіт жиналыстар туралы қазақстандық заңнаманы өзгерту болып табылады. "Бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа Заңның жобасы қазір Парламент Сенатының қарауында. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңның және "Саяси партиялар туралы" Заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Заңның жобаларын Мәжіліс өткен аптада мақұлдап, қазіргі кезде Парламент Сенатының қарауына түсті, - деді Мемлекет басшысының кеңесшісі.
Оның айтуынша, парламенттік оппозиция институтын енгізуді көздейтін "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді.
Бұдан бөлек, қылмыстық кодекстің 130-бабын криминалсыздандыру және 174-бапқа өзгерістер енгізу бойынша түзетулер Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасына енгізілді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ және Қаржы министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірледі. Аталған заң жобасы шеңберінде бұрын ҚР ҚК 174-бабы бойынша сотталған және құқық қорғау мен арнайы мемлекеттік органдардың оң қорытындысы бар босатылғандарға қатысты шектеулерді жеңілдетуге бағытталған шаралар көзделген. Қазіргі уақытта Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында, - деді Ерлан Қарин.