Президенттің ҚҚС бойынша тапсырмасы: Қандай тауарларға салық жоғары болуы мүмкін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесіп, салық реформасының негізгі бағыттарын, соның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша өзгерістерді ұсынды. Сенатор Жанна Асанова пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Президенттің басты шешімі – дифференцияланған ҚҚС жүйесін енгізу.

Бұл өзгеріс әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің салықтық жүктемесін азайтуға бағытталған. Азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, білім беру және медицина қызметтері қолжетімді бола түспек. Сонымен қатар, бағалы тауарларға, зиянды өнімдерге және экологиялық тұрғыдан қауіпті тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі жоғары болуы мүмкін.

Сондай-ақ Президент Үкіметтің 20%-дық ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы ұсынысын сынға алды. Оның пікірінше, мұндай қадам тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне, бизнестің көлеңкелі секторға кетуіне және халықтың қаржылық жүктемесінің артуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, Үкіметке әділ әрі теңгерімді шешім ұсыну тапсырылды.

Сенатор Жанна Асанова бұл шешімнің барлық мүдделі тараптардың қатысуымен қабылдануы керектігін атап өтті. Экономистер, кәсіпкерлер мен депутаттар бірлесе отырып, әлеуметтік әділетті және экономикалық тұрғыдан тиімді салық жүйесін қалыптастыруы қажет.

Президенттің тапсырмалары айқын әрі әлеуметтік бағытталған. Енді оны дұрыс жүзеге асыру маңызды. Бастысы – асығыстыққа жол бермей, шешімдерді бұрмаламай, мемлекеттің, бизнестің және қоғамның мүдделерін теңдестіру, - деді сенатор.

Асанованың айтуынша, Қазақстан мемлекеттік бюджетті толықтыру, экономиканы тұрақты дамыту және халықты қолдау арасындағы тепе-теңдікті табуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы