Президенттің қолынан орден алған педагог Дубайға барады
Ақтөбе облысы Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева Дубайға жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл марапатты оған білім беру саласында нәтижелі еңбек еткені үшін "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігі табыстады.
Ал осыдан бірнеше күн бұрын Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Құрмет" орденін алды.
Былтыр Мемлекет басшысы Дөң тау-кен байыту комбинаты шахтасының ашылуына келгенде біздің колледждің жұмысымен танысып, еңбегімізге жоғары баға берген болатын. Биыл 8 наурыз мерекесінде Ақордаға шақырылып, Президенттің қолынан орден алдым. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осындай марапатқа ие болғаныма қатты қуандым. Бұл — ұжымның ортақ жетістігі, - дейді ол.
Бағдашжан Молдашеваның білім беру саласында еңбек еткеніме 39 жыл болған. Ол ең алғаш еңбек жолын Хромтау қаласындағы №2 мектепте тәлімгерліктен бастаған. Кейін сол мектепте тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2000 жылдан бері Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжін басқарып келеді.
Колледжде 1157 оқушы, 56 оқытушы бар. Колледжіміз — еліміздің батыс өңірі бойынша тау-кен өндірісіне жұмысшы мамандықтарды даярлайтын бірегей оқу орны. Мұнда кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, монтер, тағы басқа мамандар даярланады. Жалпы оқу орнында жастар 16 мамандық пен 46 біліктілік бойынша білім алуда, - дейді ол.
Кейіпкеріміз білім берумен қатар ғылыми жұмыспен де айналысады. 2010 жылы диссертация қорғаған, педагогика ғылымдарының кандидаты. Отбасында 2 бала тәрбиелеп отыр.