Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығына үміткер тіркеу басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 2022 жылғы БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарын, сондай-ақ Алғысын алуға үміткерлерден ұсынымдар қабылдау басталғанын хабарлайды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сыйлықтар мен гранттар алуға үміткерлерді, сондай-ақ Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдарды БАҚ, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар ұсына алады.

Әрбір БАҚ, шығармашылық одақ, қоғамдық бірлестік, мемлекеттік орган сыйлықтар мен гранттар алуға екі үміткер ғана ұсынуға құқылы. Гранттар жасы отыз бестен аспаған жас журналистерге беріледі.

Грант иегері атанған тұлға сыйлық алу үшін кемінде бес жылдан кейін ұсынылады.

Сыйлықтар мен гранттар алуға үміткерлердің және Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдардың өзін-өзі ұсынуына жол берілмейді.

Сыйлықтар немесе гранттар алуға бұқаралық ақпарат құралының, шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған, бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным жолданады. Оған мынадай құжаттар қоса ұсынылады:

- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің аты, әкесінің аты, тегі және шығармашылық бүркеншік есімі (егер болса), сондай-ақ атқаратын лауазымы көрсетілген негізгі жұмыс орнынан анықтама;

- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің жеке куәлігінің немесе төлқұжатының көшірмесі;

- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің шығармашылық қызметінің қысқаша сипаттамасы;

- негізгі жарияланымдарының тізімі және олардың көшірмелері, аудио және (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі.

Алғыс жариялауға шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған бұқаралық ақпарат құралының қызметі туралы (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным ұсынылады.

Конкурсқа мән-маңызы жоғары негізгі жарияланымдар, аудио және (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі ұсынылады.

Қарауға 2021 жылғы 1 маусым мен 2022 жылғы 31 мамыр аралығында жарияланған және (немесе) эфирге шыққан материалдар қабылданады.

Сыйлықтар, гранттар алуға және Алғыс жариялауға ұсынылған материалдар мен құжаттар қайтарылмайды.

Кітаптар БАҚ саласындағы наградалар алуға ұсынылған материал ретінде қарастырылмайды. Мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар топтамасын ұсынуға болады.

Мемлекет басшысының сыйлықтарын, гранттарын алуға және Алғысын жариялауға ұсынымдарды Қоғамдық комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары А.Ғ. Балаеваның атына 2022 жылғы 31 мамырға дейін мына мекен-жай бойынша: 010000, Нұр-Сұлтан қ., «Ақорда» резиденциясына жолдау қажет.

Қағаз түрінде жолданатын құжаттар пошта қызметі арқылы жоғарыда көрсетілген мекен-жайға жіберіледі немесе «Үкімет үйі» ғимаратында (Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік ел даңғылы, 6) орналасқан Президент әкімшілігі Жалпы бөлімінің хат-хабарды қабылдау секторы арқылы жұмыс күндері сағ. 09:00-15:30 аралығында (түскі үзіліс сағ. 13:00-14:30), сенбі күні сағ. 10:00-11:00 аралығында қабылданады.

Мемлекеттік органдардың ұсынымдары электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы тек электрондық форматта ғана қабылданады, бұл қосымшалары электрондық тасымалдағыш (диск) арқылы жолданатын ұсынымдарға қатысты емес.

Байланыс нөмірлері: +7 (7172) 74-40-81, 74-40-51.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы