Президенттің Amanat партиясынан кетемін деуі мен үшін күтпеген жағдай болды – саясаттанушы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің Amanat партиясынан кетемін деуі және әкімдер партия құрамында болмауы керек дегені мен үшін күтпеген жағдай болды. Президент нағыз демократия орнатуға барын салып жатыр. Бұл туралы саясаттанушы Самат Нұртаза пікір білдіру кезінде айтты.
Саясаттанушының пайымдауынша, алдағы уақытта елде партиялар көбейіп, олардың арасында әділетті бәсеке орнайды. Халық өз таңдауын жасауы керек, бұның қоғамға, либерализмге пайдасы зор көрінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында президенттік лауазымды азайтып, парламентке басымдық беретінін, оған қоса президенттің туған-туыстарын жоғарғы қызметке орналастырмау керек дегенді айтты. Бұл біздің буынға емес, болашақ президентке қарата айтылған сөз. Біз өткен шақтағы қателікті қайталамауымыз керек. Сондықтан Президенттің бұл бастамасын толықтай қолдаймын. Бұл бүгінгі қоғамға қажетті сөз болды, – дейді С. Нұртаза.
Сонымен қатар ол Абай, Жетісу мен Ұлытау облыстарын құруға қатысты ойымен бөлісті.
Өзім Семей өңірінің тумасымын. Қала облыстық мәртебесінен айырылған соң тозып кетті. Сондықтан Абай облысы деп қайта құрылуы өте дер кезінде жасалған құптарлық шешім. Семей облыс орталығы болуға лайықты қала. Облыс мәртебесі берілген соң онда экономикалық, рухани дүмпу болады, халықтың еңсесі көтеріледі. Сондай-ақ халық тарапынан бұрыннан көтеріліп келген Жетісу мен Ұлытау облыстарының құрылуы да өте құптарлық іс болды,-деді ол.
Сөз арасында ол қазіргі қиын кезеңде Президенттің айналасына топтасып, оны қолдай білуіміз керек деген ойын білдірді.
Қазіргідей қиын кезеңде президентіміздің реформа жасап жатқаны үлкен ерлік. Дүние жүзінде саяси жағдай тұрақты емес, Ресей мен Украина соғысып жатыр. Дегенмен, президент халықты ойлап үлкен қадамдарға барып отыр. Бұл үлкен ерлік. Шынымды айтсам, бүгінгі Жолдаудан мұндай батыл әрекеттерді күткен жоқпын. Сол үшін жікке бөлінбей, президентке қолдау көрсете білуіміз қажет, - дейді саясаттанушы.