Президенттің 7 жылдық бір реттік мерзімі саяси бәсекелестікке жол ашты - саясаттанушы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесуінде 7 жылдық бір реттік мерзімі туралы айтты. Бұл еуразиялық кеңістікте жоқ нағыз саяси жаңалық. Осыған орай саясаттанушы Риззат Тасым пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы суперпрезиденттік басқару үлгісінің қазіргі сын-қатерлерге сай келмейтінін сынап, елде саяси модернизация жасауға негіз болатын саяси реформалар жүргізді. Ол үшін рефендум арқылы Конституцияға тузетулер енгізілді. Ондағы мақсат - жаңа қоғамдық келісімшартты қалыптастыру және президент институтын жандандыру. Мемлекеттік динамиканы қалыпқа келтіру үшін тұрақты ауысымдылықты қамтамасыз ету қажет болды. Осы орайда президенттік қызмет ету мерзімі 7 жыл болып ауысты, - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша бұл дұрыс қабылданған шешім.
Жеке өзім 30 жылдай бір президенттің билігін бақыладым. Ал енді келер ұрпақ мұндай жағдайда өмір сүрмейді. Себебі енді үшінші, төртінші, бесінші президент деп кете береді. Жалпы Қазақстан осындай қадамға барған Орталық Азиядаға тұңғыш мемлекет. Ең маңыздысы саяси бәсекелестікке жол ашылды деген сөз. Ал билікті бір қолға шоғырландыру механизмдері жойылды. Осылайша мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасы қалыптасты деген сөз. Оның алғышарттары жасалды. Ал енді бұл жүйенің құқықтық орындалуын, қоғамда қандай өзгерістерге әкелетін уақыт өте көреміз, - деді ол.