Президенттікке тағы бір әйел кандидат ұсынылды
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Салтанат Тұрсынбекованы ұсынды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірлестік отырысына 20 адам қатысып, еліміздің әр өңірінен бірлестік мүшелері онлайн режимде қосылды.
Біздің бірлестіктің атынан менің әріптесім, қоғам белсендісі Салтанат Тұрсынбекованың кандидатурасын ұсынамын. Біз ол кісіні танымал қоғам қайраткері, ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту, ұлттық және рухани құндылықты ілгерілету мәселелерімен белсенді айналысатын құқық қорғаушы ретінде білеміз, - деді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова.
Ол сондай-ақ Салтанат Фархатқызының мемлекеттік қызметте 30 жылдан артық жұмыс тәжірибесі барын атап өтті. Қазіргі кезде ол Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары.
30 жылдан артық мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, кейінгі 5-7 жылда белсенді түрде қоғамдық жұмыспен айналыстым. Енді осы жинаған тәжірибемді, білімімді, біліктілігімді осы сайлауда сынап көрейін деген мақсатпен қатысып отырмын, - деді президент кандидаттығына үміткер.
Салтанат Тұрсынбекова ауылда туып-өскенін айтып, шалғайдағы ауыл тұрғындарының жағдайларымен таныс екенін жеткізді.
Мен Жамбыл облысының тумасымын. Жасым 56-да. Мектепті ауылда бітірдім. Жоғарғы оқу орнын Алматыда Тарих факультетінде оқыдым. Одан кейін Мәскеуде Заң факультетінде оқыдым. Кейінгі жылдары «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты жобаны, әлеуметттік саладағы бірқатар жобаны басқарып, сол жерде ауылдарға барып, тұрғындардың жағдайын өз көзіммен көрдім, - деді ол.