Президенттік жастар кадрлық резерві: Топ-300-ге кіру үшін нені білу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жас талантты қазақстандықтарды қолдау аясында мемлекеттік қызметте де жекелеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру міндеті қойылды. Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының орынбасары Марат Дәуешев кадрлық резервтің маңызды аспектілері туралы айтып берді. 

— Мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыру бойынша қандай нақты қадамдар мен жүйелі шаралар қабылдау жоспарланған? 

— Елімізде тиімді әрі кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы бастамашы болған бағдарламалық құжат - «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылады. 

Кадрларды жалдау, даярлау және ілгерлету жүйесі жетілдірілді, персоналды басқарудың заманауи құралдары енгізілді, мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамы артты.

Нәтижесінде мемлекеттік қызметте ауысушылық деңгейі 2 есеге төмендеді (2015 жылы 11,2%-дан 2018 жылы 6,2%-ға). Конкурстан тыс тағайындаулар саны 18 есеге қысқарды (2015 жылы 6,5 мыңнан 2018 жылы 369-ке дейін).

Реформа мемлекеттік қызметке ашық бәсекелестік және іріктеу ашықтығы қағидаттары негізінде тұру мүмкіндігін арттырды. 

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі сатыдағы лауазымдардан басталады, ал қызметкерлер құзыреттері мен кәсіби даярлықтары негізінде көтеріледі. Реформа іске асырылған сәттен бастап мансабын бастапқы сатылардан бастаған тұлғалардың үш есег көтерілгені байқалады (2 569 -дан 8 481-ге дейін).

Реформаның арқасында қызметкерлердің мемлекеттік органдар ішінде мансаптық көтерілуі үшін жағдайлар жасалды. Ішкі конкурстар институты арқылы қызметі бойынша көтерілген мемлекеттік қызметкерлер саны 5 есеге артты (2015 ж. 1 348-ден 2018 ж. 6 826-ға дейін).

Аталған шаралар тек қана еңбегі бойынша көтерілу мүмкіндігіне деген сенімді нығайтты. Бұған әлеуметтік сауалнама нәтижелері дәлел бола алады. Соңғы жүргізілген әлеуметтік сауалнама мемлекеттік қызметкерлердің 80%-ның іріктеу үрдісінің объективтілігіне жоғары баға бергенін көрсетті. 

Мемлекеттік аппараттың тиімділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар ел президентінің сайлауалды бағдарламасында айтылған тәсілдерді іске асыру аясында жалғастырылуда. 

Қазір біздің Агенттік меритократия қағидаттарын күшейту, стратегиялық кадрлық жоспарлауды енгізу және мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуді кеңейту мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру бойынша жұмыстар басталды. 

Барлық қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру Агенттік төрағасы Анар Жайылғанованың тұрақты бақылауына алынған.

 

— Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Жобаның міндеттері туралы айтып берсеңіз? Кадрлық резервке алынған тұлғалар міндетті түрде мемлекеттік қызметке тұра ала ма және қандай лауазымдарға тұра алады?

— Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. 

Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан еді. Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады. 

Резерв жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын “жаңа формация” басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіретін болады. 

Іріктеудің барлық сатыларынан өтіп, резервтегілер тізіміне енетіндер тағайындалуы мүмкін басқарушылық лауазымдар спектрі барынша ауқымды. Бұл туралы біздің Агенттік азаматтарды жеткілікті ақпараттандырды. Бұл ақпарат арнайы іске қосылған pkrezerv сайтында да жарияланды. 

Резервке ену фактісінің өзі мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді.

Тиісті бос орын болған жағдайда бұл қызметке Жастар кадрлық резеврі жөніндегі ұлттық комиссия резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. 

Тағайындаулар Резервке енгізілген тұлғалар арасынан да, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасынан да болуы мүмкін.

 

— Резерв іріктеуіне қатысушыларды тіркеу қалай жүргізіледі? Бүгінгі таңда қатысуға қанша адам өтініш білдірді? 

— Резервке үміткерлерді тіркеу 1-30 қыркүейк аралығында жүргізіледі. 

Цифрландыру дәуірінде біз барынша ашықтықты, ақпаратқа орталықтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз ету және азаматтарға ыңғайлы болу үшін, арнайы онлайн-платформаны — pkrezerv.kz іске қостық. Платформаның интерфейсі көпшілік үшін өте ұғынықты. 

Сайтта Резервке іріктеу бойынша барлық қажетті ақпарат бар. 

Бүгінде сайтқа 4115 қатысушы тіркелген, оның 457-сі тіркеу процесін аяқтады. Әлеуетті іріктеу қатысушыларына тіркелуді соңғы күнге қалдыруға болмайтынын айта кеткім келеді, себебі одан өту үшін жеке профилін онлайн толтыру, қажетті құжаттарды жүктеу, оның ішінде ұсынымхатты жүктеу қажет болады. 

 

— Жасы жағынан шектеулер бар ғой? Жобаға қатысу критерийлері мен шарттары туралы толық айтып берсеңіз?

— Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысушыларға қойылатын негізгі талаптардың ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жасы 35-тен аспауы, білімі мен жалпы жұмыс өтілінің 5 жылдан кем болмауы тәрізді талаптар бар. 

Конкурсқа қатысуға еліміздегі де, одан тысқары жердегі де Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіле алады. Олар барлығымен қатар pkrezerv.kz онлайн-платформасы арқылы іріктеуден өте алады. 

Резервке іріктеуге талаптарға сай келетін барлық азаматтар қатыса алады, тек Президент тағайындайтын саяси мемлекеттік қызметкерлерге шектеу бар. 

Сонымен қатар үміткерлер мемлекеттік қызметке тұру шарттарына сәйкестігіне тексерілетін болады: іс-әрекетке қабілетсіздігіне, белгілі бір уақытқа мемлекеттік қызметте болу құқығынан айыратын сот шешімінің болмауына, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасамауы, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасамауы т.б. 

 

— Үміткерлер кадрлық резервке алынуы үшін қандай да бір емтихандар немесе тест тапсыра ма?

— Іріктеуге қатысу үшін өтінім берген соң үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек, атап айтқанда: 

Бірінші кезең – жоғарыда мен атап өткен қатысушылардың құжаттарын қабылдау. 

Екінші кезең – үміткерлерді тестілеу. Тест үміткердің мәтіні және сандары күрделі ақпаратпен жұмыс істей алу қабілетін анықтауға бағытталған. 

Бұл үміткерлердің теориялық дайындығын, олардың сараптамалық және сындарлы ойлау деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. 

Үшінші кезең – үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көрегенділік деңгейін, ынталандырылуы мен құндылығын бағалау. 

Ол үшін үміткерлер эссе жазып, өзінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстыруы керек. 

Эссе арқылы үміткерлердің сауаттылығы, эрудициясы, білім деңгейі, сындарлы ойлауы, ойлау қисындылығы, қорытындыларының дәлелділігі мен негізділігі бағаланады. 

Өз кезегінде, жобаларды таныстыру үміткердің таңдаған лауазымдар топтамасына сәйкес тиісті саланың немесе қызмет бағыттарының дамуын болжауын бағалауға бағытталады. 

Бұл кезең сондай-ақ үміткерлердің құзыреттерін бағалауды қамтиды. 

Қатысушылардың құзыреттерін бағалау арқылы олардың жеке қасиеттері, ынталандырылу деңгейі, сондай-ақ басқарушылық құзыреттерінің болуы анықталады. 

Төртінші кезең – Сарапшылық комиссияда қатысушылардың әңгімелесуі. Бұл кезеңге баллдар жинытығы бойынша алдыңғы кезеңдерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар жіберіледі. 

Бұл ретте алдыңғы іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелесу өткізу шамаланады.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы Резервке алу ұсынылатын үміткерлер тізімін жасайды да, оны қарастыру үшін Ұлттық комиссияға жолдайды.

Іріктеудің соңғы кезеңі – қатысушылардың кандидатурасы кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссияда қарастырылады. 

Бұл кезеңге сарапшылық комиссия ұсынған жоғары балл жинаған қатысушылар жіберіледі.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша үміткерлерді Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылданады.

 

—    Іріктеу тетігі қаншалықты айқын әрі объективті түрде өтеді?

— Сонымен қатар, іріктеудің әр кезеңінен кейін біз автоматтандырылған жүйеде және Агенттіктің qyzmet.gov.kz сайтында келесі кезеңге жіберілген қатысушылар тізімін жариялаймыз.

Шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау кезеңіне салалық сарапшылар тартылады. Олар таңдау процестерінің объективтілігін бақылай алады.

Кезеңдердің бірі — үміткерлердің құндылықтары мен біліктіліктерін бағалау.

Бұл үшін біз адам ресурстарын басқару саласындағы білікті мамандарды тартамыз. Біліктілікті бағалауды топтық ассесмент құралдарын қолдана отырып, Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында сарапшылар жүргізеді. Бұл біліктілікті анықтау үшін әртүрлі тапсырмаларды қамтитын топтық бағалау құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Бұл үшін адам ресурстарын басқару саласындағы сарапшылар тартылады, олар көптеген жылдар бойы бағалаудың ұқсас әдістерін қолданып келген болуы тиіс. Топтық бағалаудың аудио және бейне жазбасын белгілеу жоспарланған.

Жалпы, іріктеу кезеңінде біз әр кандидатты бағалау процесіне бірнеше сарапшыларды, соның ішінде сала сарапшыларын тартамыз.

Бағалау сарапшылары қатысушылардың жеке деректерін, атап айтқанда олардың аты-жөндерін көре алмайды. Олар жасырын болады, шифрланады. Соның нәтижесінде олар тек сандар мен әріптер жиынтығын ғана көреді. Әр кезеңде сарапшылар алған идентификатор бірегей болады. Басқаша айтқанда, бағалаушылар, мысалы, кімнің эссесін бағалап отырғандарын білмейді.

 

— Мәлім болғандай, Қазақстанда басқарушылық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды қамтитын «А» корпусы заңды түрде жұмыс істейді, олар үшін кадр резервіне іріктеу, конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметке өту және тоқтату, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары қарастырылған. Президенттік жастар кадрлық резервінің «А» корпусына іріктеуден қандай айырмашылығы бар?

— 2013 жылдан бастап Қазақстанда «А» корпусы институты жұмыс істейді. Президенттік жастар кадрлық резерві және «А» корпусының резерві әртүрлі мақсаттардағы мүлдем әртүрлі бағдарламалар. Бірқатар айырмашылықтарын атап өтейін.

Біріншіден, жас санаты. Президенттік жастар кадрлық резерві жастарға арнайы әлеуметтік лифт жасау үшін құрылады. Сондықтан да Резервке 35 жастан аспаған адамдар кіре алады.

Екіншіден, резервке тағайындалатын лауазымдардың ауқымы ерекше. «А» корпусының лауазымдарына жауапты хатшылардың, аппарат жетекшілерінің және комитеттер төрағаларының лауазымдары кіретіні белгілі. Сәйкесінше осы лауазымдарға «А» корпусының резервшілері тағайындалды. Ал Президенттік жас кадрлық резервіндегі лауазымдардың ауқымы әлдеқайда ауқымдырақ — аталған лауазымдардан басқа, ол министрлер, вице-министрлер, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің және олардың орынбасарларының, сондай-ақ, қалалар, аудандар әкімдерінің лауазымдарынан, ұлттық компаниялардың басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелерінен тұрады.

Үшіншіден, резервке таңдау процедурасы да ерекшеленеді.

Президенттік резервке іріктеу тәсілдерін қалыптастыру кезінде біз қазақстандық қоғамдағы барлық үрдістерді ескеруге тырыстық.

Сонымен, соңғы жылдары қазақстандықтардың интернет белсенділігі артып, цифрлық технологиялар мен электрондық қызметтер дамып келеді. Сондықтан құжаттарды қабылдау және іріктеудің бірнеше кезеңдері қашықтан автоматты режимде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Президенттік резервті қалыптастырудың міндеті — шығармашылық және талантты жастарды іріктеу. Осыған байланысты, іріктеу рәсімдерінде кандидаттардың заңнаманы білуі тексерілмейді.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы