Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі облыс әкімінің орынбасары атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "100 нақты қадам" – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және әкімнің өкімімен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Нұралиев Айдар Аллабергенұлы тағайындалды.
Нұралиев Айдар Аллабергенұлы – 1986 жылы туған. Білімі - жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, 2015 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Лондонның Университет колледжін, Женева бизнес мектебін "халықаралық құқық", "құқықтану", "жобаны және корпоративтік басқару" мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Ағылшын тілін еркін меңгерген, іскерлік әкімшілік жүргізу магистрі. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Әр жылдары:
- БҚО аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің бақылау жөніндегі жетекші маманы;
- ҚР-ның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі халықаралық қатынастар департаменті Рейтингтік агенттіктермен және халықаралық экономикалық ұйымдармен өзара іс-қимыл басқармасының сарапшысы;
- ҚР Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы;
- БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары;
- ҚР Қаржы Министрлігінің Халықаралық қаржылық қатынастар департаментінің директорының орынбасары;
- Атырау облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы;
2020 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігі стратегиялық және ақпараттық даму департаментінің директоры қызметін атқарды.
Ол қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Бибігүл Қонысбаева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.