Президенттік кадр резервіндегі қостанайлық тұрғын әкім болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттік кадр резервінде болған Арнұр Сартов таяуда Қостанай облысы Алтынсарин ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қатардағы мемлекеттік қызметшіден қалай әкім болғаны туралы айтып берді.

Арнұр Сартов 2013 жылы мемлекеттік құрылымға жұмысқа орналасты. Ол сол кездің өзінде мемлекеттік қызметтің үлкен жауапкершілік екенін түсінген. 

Үлкен жауапкершілікте тәртіп болуы тиіс. Жұмыста болсын, өмірде болсын үлкен жауапкершілік пен тәртіпті әкемнен көрдім. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Менің мемлекеттік қызметке келуім әкемнен алған үлгі-өнегемен байланысты деуге болады, - деп бөлісті Арнұр Сартов. 

Арнұр Сартов Президенттік кадр резервіне бір дегеннен өте алмағанын еске алады. Бірінші рет жеткілікті дайындалмай, өз күшіне қатты сенген. 

Алғашында іріктеу кезеңінен өте алмадым. Осы жолы дайындыққа, іріктеуге және конкурсқа қатысуға байыппен қарадым, - деп күлді ол. 

«Мемқызмет мансабында бірден жоғары көтерілуді күткен жоқсыз ба?» деген сұраққа А. Сартов мемлекеттік басқару жүйесіндегі меритократия қағидасы сәтті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Осындай іріктеу әдісін қолдану тиімділігінің бір мысалы – осы жағдай. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ». Сондықтан, әрине, арманым мен мақсатым биік. Мұның қажырлы еңбек екенін де түсінген жөн. Бұл іріктеуден өту оңай емес, әр үміткер жіті іріктеледі. Мен әкім етіп тағайындайды деп күтпедім. Бірақ, екі жыл бойы әкім орынбасары болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері жұмыс істеймін. Сондықтан меритократия қағидаты бойынша қадам-қадаммен ілгері жылжып келемін. Байқағаныңыздай, осы қағида енгізілгеннен бері жұмыс жүріп жатыр және белгілі бір оң нәтиже бар, - дейді Арнұр Сартов. 

Сондай-ақ аудан әкімі ретінде Арнұр Сартов Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Мәжіліс отырысындағы соңғы тапсырмалары мен бастамаларына қатысты өз пікірін білдірді. 

Маған Мемлекет басшысының қоғамды бөліп-жіктемейтіні ұнайды. Халықтың өтінішіне құлақ асып, барлық проблемалық мәселені шешудің нақты құралдарын атайды. Мемлекет пен қоғамның ажырамас біртұтас екенін түсіну керек. Тек бірлесе отырып көптеген мәселелер мен проблемаларды шешуге болады, - дейді Арнұр Сартов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы