Президенттің Instagram парақшасына жазылушылар саны 1 миллионнан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату, деп жазды мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Президент "халық үніне құлақ асатын мемлекет" концепциясын іске асыру барысында халықпен тікелей байланысқа ерекше көңіл бөледі. Тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау үшін Қазақстан президентінің виртуалды қабылдауы ашылды. Бүгінде оған 6673 өтініш келіп түскен.  

Қасым-Жомарт Тоқаев брифингтер мен баспасөз мәслихаттарын жиі өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа сұхбат беріп тұрады. Сонымен қатар Twitter және Instagram секілді әлеуметтік желілерді белсенді қолданады.

2019 жылдың 1 сәуірінде ашылған мемлекет басшысының Instagram желісіндегі парақшасына жазылушылар саны 1 миллионнан асты. Президент 9 ай ішінде өз парақшасында ресми шаралардан, кездесулер мен сапарлардан 60 пост жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта Instagram желісінде бейресми сәттерде түсірілген суреттер мен бейнероликтер жариялауды да жоспарлап отыр, - деп жазды Берік Уәли.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы