Президенттің адам құқықтары саласы бойынша шығарған жарлығы қуантарлық жағдай болды – Қалтаева

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл бастама адамдардың өмір сүру құқығы, сөз бостандығы, денсаулығына деген құқығы. Оның барлығы сөз жүзінде қалып қоймауы керек. 

Бұл туралы «Шаңырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Қалтаева тілдесу кезінде айтты.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру – саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін жазып, бұл тұрғыда Үкіметке бірқатар тапсырма бергенін мәлімдеді. Онда адам саудасы құрбандарының құқығын қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, пікір білдіру бостандығы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау сияқты бағыттар қамтылған.

Еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдар Президенттің бұл бастамасын оң қабылдап, оның жұмыс істеуіне өз үлестерін қосатындарын білдірді.

Ләззат Қалтаева Адам құқықтары туралы заң базасында бірнеше дәреже қамтылғанын айтады. Яғни, онда көпбалалы ана, иммигрант әйелдер, мүгедектігі бар әйелдердің құқығы және тағы басқа деп кете береді.

Дегенмен мұның барлығы - өмір сүруге деген құқық, сөз бостандығы денсаулық құқығы және басқасы. Осылардың барлығы сөз жүзінде қалмай, іске асу керек. Бұл заңның жұмыс істейтін механизмі болуы қажет. Оның заңды тұрғыда өкілеттілігі, оны іске асыру үшін өз бюджеті болғаны жөн. Адамдарда құқыққорғаушыларға жүгінетіндей жағдай болуы керек. Президенттің кешегі жарлығы адам құқығы саласындағы нақты шараларды жүзеге асыруға арналған, оның өзі қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша көптеген талқылау өтеді деген ойдамын, ол кезде өз тарапымыздан ұсыныстар айтамыз, - дейді қоғамдық бірлестіктің төрайымы.

Оның айтуынша, қазір мүгедектігі бар әйелдердің құқығы бұзылғанда, олар көбінде прокуратураға, ҮЕҰ-ға, адам құқығы жөніндегі құзырлы органдарға жүгінеді екен.

Тұрмыстық жанжал кезінде әйелдер қайда жүгінерін білмейді. Көбінде олар өз құқығын қорғай алмайды. Сондықтан бұл тұрғыда да мәселе көп. Еліміздің кез келген тұрғыны зорлық-зомбылықтан қорғалуы керек, - дейді Қалтаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы