Президент жүз жасаған соғыс ардагерімен кездесті
Президент жүз жасаған соғыс ардагері Иван Гапичпен және 96 жастағы өлкетанушы Жайсаң Ақбаймен кездесіп, әңгімелесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагері Иван Гапичтің үйіне барып, 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Президент оның өмір жолы халыққа қызмет етудің, ерен еңбектің, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі саналатынын атап өтті.
Бұл жасқа жету екінің бірінің маңдайына жазылмайды. Оның үстіне сіз Ұлы Отан соғысына қатыстыңыз. Біз майдан даласында болған соғыс ардагерлеріне зор құрметпен қараймыз. Соғыстан кейінгі жылдары елге оралып, прокуратура органдарында еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Сізге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Иван Гапич 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алған. Ол майдан даласында Польшаны, Чехословакияны, Украинаны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында ұзақ жыл еңбек етті.
Сонымен қатар Президент 96 жастағы жергілікті өлкетанушы, мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбаймен де әңгімелесті.
Сіздің еңбек жолыңыз – көпшілікке үлгі-өнеге. Партияда, мемлекеттік қызметте еңбек еттіңіз. Отандық мәдениет саласын дамытуға елеулі үлес қостыңыз. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жайсаң Ақбай Батыс Қазақстан облысының білім және мәдениет салаларында ұзақ жыл еңбек еткен. Сондай-ақ ол өңірде өлкетанушылық қызметімен танымал.
Соғыс ардагері Иван Гапич пен еңбек ардагері Жайсаң Ақбай Президентке алғыс айтып, ризашылығын білдірді.