Президент жол салу бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алу конурсын реттеуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Жиын барысында президент жол салу төңірегіндегі мемлекеттік сатып алу конкурсына тоқталып, оны реттеуді тапсырды.

2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды, - деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керектігін баса айтты.

Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар, - деді ол.

Сөз соңында Президент үлкен тас жол бойындағы заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіруді тапсырды.

Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы