Президент ЖИ дамуы үшін IT-инфрақұрылым сай болу керегін айтты
Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады.
Мемлекет басшысы елімізде цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы Digital Bridge форумында.
Ол ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет екенін атап өтті.
Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды екенін айтады.
Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды, – деді ол.