Президент Жарлығы: Қанат Шарлапаев жаңа қызметке келді
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев жаңа қызметке келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, - делінген Ақорда хабарламасында.
Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев 1981 жылғы 9 шілдеде Ресей Федерациясында дүниеге келген.
Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, қаржы және басқару магистрі.
Мансабына тоқталар болсақ:
Еңбек жолын 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің Клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған. 2006-2008 жылдары "Сити" инвестициялық банкінің Лондон (Ұлыбритания), Прага қалаларындағы (Чехия) Қаржы департаментінде маман болып жұмыс істеген. 2008-2014 жылдары "Сити" инвестициялық банкінің (Ұлыбритания) нарықтағы акциялар жұмысы жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті болған. 2014-2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның "Сити" инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті лауазымын атқарған. 2015-2017 жылдары Қазақстанның Ситибанкінде бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті болған. 2017-2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының "Сити" инвестициялық банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті болып жұмыс істеген. 2020 жылы "Сити" инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры лауазымына тағайындалған.
2022 жылғы ақпаннан бастап "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметін атқарған.
2023 жылдың 4 кыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Президенттің Жарлығымен тағы бірнеше ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жандос Нұрланұлы Шаймарданов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсет Арманұлы Ерғалиев Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Мемлекет басшысының өкімімен Абай Серікұлы Қайырбеков Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды, - деп хабарлады Ақордадан.