Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің құрылуы туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі реформалар жүргізу туралы міндеттер қойды.

Бұл мәселеде Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйектегі Жарлығымен жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің маңызы зор.

Агенттік ағымдағы жағдайды, қалыптасып отырған тенденцияларды, әлемдік тәжірибені талдау және осы негізде реформаларды іске асыру тәсілдерін әзірлеудің, сондай-ақ, олардың орындалу барысына мониторинг жүргізудің жауапты мемлекеттік органы болады.

Агенттікпен және өзге де мемлекеттік органдардың бастамасымен реформалар жөніндегі аса маңызды ұсыныстарды қарау және бекіту үшін Мемлекет басшысының 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды.

Президент жанындағы жоғары кеңес жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында кеңес құрамына Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті (2012-2020 ж.ж.) Сума Чакрабарти енгізілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 14 қыркүйектегі Өкімімен С. Чакрабарти Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

С. Чакрабарти дамушы нарықтар мәселелері бойынша маман, Ұлыбритания мемлекеттік қызметі жүйесіндегі ірі реформаларды әзірлеуде тәжірибесі мол. Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне техникалық көмек бағдарламасы – британдық «ноу-хау» қорының дамуында негізгі рөл атқарды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы ретінде С.Чакрабарти аталмыш қаржы институтын ауқымды жаңғырудан өткізді. Өзі басшылық еткен жылдары бұл мекеме Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция салды. ЕҚҚДБ мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті, «жасыл экономика» мен шағын және орта бизнесті реттеу мен дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде маңызды консультативтік көмек атқарды.

С. Чакрабарти Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы болған кезде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің теңтөрағасы болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы