Жаңа мақсаттарға жету үшін қоғам бірігіп еңбек етуі керек - Тоқаев
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық бәсеке күшейген кезеңде ел үнемі даму үстінде болуы тиіс екенін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сапары кезінде қазақстандықтарды қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсімей, алға қарай ұмтылуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық бәсеке күшейген кезеңде ел үнемі даму үстінде болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бар жетістіктермен шектелмей, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек қажет.
Біз қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет. Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек, - деді Президент.
Президент қазақ халқының тарихында талай қиын кезеңдер болғанын еске салып, бүгінгі жетістіктер оңайлықпен келмегенін айтты.
Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оны өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет, – деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ел дамуына барлық саланың өкілдері үлес қосуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, білімді азаматтар мен жастар ортақ мақсат жолында бірігуі қажет.
Президенттің пікірінше, дәл осындай бірлік пен жауапкершілік Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді өркениет көшінен қалдырмайды.