Кеше 2026, 19:23

Президент Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған салтанатты жиынға құттықтау жолдады

Президент өз жолдауында Жамбыл Жабаевты қазақ халқының руханиятында айрықша орны бар ұлы тұлға ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты жиын қатысушыларына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Президент өз жолдауында Жамбыл Жабаевты қазақ халқының руханиятында айрықша орны бар ұлы тұлға ретінде атап өтті.

Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятында ерекше орны бар тарихи қайраткер, төл мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі, – делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы әйгілі жыршының шығармалары отаншылдық, ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды дәріптегенін атап өтті.

Шоқтығы биік туындылары арқылы ол халқымыздың асыл қасиеттерін кеңінен насихаттады, – деп жазды Президент.

Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың айтыс өнерін дамытуға, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға және қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп, эпикалық дәстүрді жаңа деңгейге көтерді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұлы ақынның өз дәуірінің тыныс-тіршілігін шебер суреттегенін және шығармаларының әлемдік деңгейде мойындалғанын айтты.

"ХХ ғасырдың Гомері" атанған жыр алыбының туындылары көптеген шет тіліне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды, – делінген хатта.

Құттықтау соңында Мемлекет басшысы Жамбыл Жабаевтың бай мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынына сенім білдіріп, мерейтой аясындағы іс-шараларға сәттілік тіледі.