Президент ұстаздар үшін жасанды интеллектінің пайдасын айтты
Мемлекет басшысы жаңа технология мұғалімдерді артық жұмыстан босатып, оқушылармен жұмыс істеуге көбірек уақыт беретін құралға айналуы тиіс екенін айтты.
Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы педагог мамандығын таңдаған жастар санының артып келе жатқанын атап, білім саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтудің маңызын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Сонымен қатар мұғалімдік жолды таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе өскен.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданған. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар.
Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби сабақтастық дәстүрі пайда болады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл ретте жоғары оқу орындарының рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, университет қабырғасында болашақ маманның кәсіби білімі мен дағдысы қалыптасады. Сондай-ақ білім-ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту маңызды.
Президент жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы қалыптасқан кезеңде өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеу алдында ауқымды міндет тұрғанын айтты.
Осыған байланысты оның тапсырмасымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу басталған.
Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекіткен.
Енді қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстың дұрыс жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар қол жеткізілген нәтижелермен тоқмейілсуге болмайтынын айтты.
Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша Қазақстан мектептерінің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен жоғары болған. Сондай-ақ оқушылардың когнитивті бейімделу индексі де орташа деңгейден жоғарылаған.
Алайда Президент бұл көрсеткіштерді жұмыстың соңы емес, бастамасы деп бағалады.
Бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға үндеу жасап, білім саласындағы басты міндетті атады. Президент ұстаз мәртебесі, мектеп құрылысы және жасанды интеллектке қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, Үкіметке нақты міндет жүктеді.