Президент Ұлттық нейрохирургия орталығын мерейтоймен құттықтады

Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атаулы күнге орай Қазақстан нейрохирургтарының V Конгресі өтті.

Мемлекет басшысының құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.

Құрметті достар! Сіздерді Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы кезеңде клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде нейрохирургия саласының көшбасшысына айналды. Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыздың арқасында біздің отандастарымыз ең үздік әлемдік практика мен бірегей жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр, - делінген Президенттің құттықтауында.

Тоқаев қазір Ұлттық нейрохирургия орталығы біліктігі жоғары медицина мамандарының шеберханасына, олардың кәсіби білім мен тәжірибе алмасуына қажетті алаңға айналғанын атап өтті.

Әлемдік медицина қоғамдастығы кеңінен мойындаған сіздердің ғылыми және кәсіби жетістіктеріңіз отандық медицинаның сапалы өсуінің жарқын үлгісі болып табылады. Қазіргі таңда Ұлттық нейрохирургия орталығы біліктігі жоғары медицина мамандарының шеберханасына, олардың кәсіби білім мен тәжірибе алмасуына қажетті алаңға айналды. Клиниканың дәрігерлері мен барлық қызметкерлері адал еңбек етіп, ұлтымыздың саулығын нығайтуға зор үлесін қосып келеді, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекет денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамытып, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды жан-жақты қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдап келеді жатқанын айтты.

Керемет хирург және Қазақстанның нағыз патриоты Серік Қуандықұлы Ақшолақов бастаған Нейрохирургия ғылыми орталығының бүкіл ұжымына амандық, пациенттердің әрдайым сау-саламат болуын және ғылым мен медицина саласында жаңа жетістіктерге жете беруді тілеймін, - деп түйіндеді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы