Президент Ұлттық банктің басшылығымен кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің басшылығына жаңа төраға Тимур Сүлейменовті таныстырды. Президент жаңадан тағайындалған басшының қаржы-экономикалық бағытта мол тәжірибесі бар екенін және қаржы реттеушісінің қызметін жетік білетінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы атқарған жұмысы үшін Ғалымжан Пірматовқа алғыс айтып, қабылданған шаралардың нәтижесінде макроэкономикалық, қаржылық тұрақтылық қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Президент Ұлттық банкке инфляцияны төмендету, қаржы технологиялары мен инновацияны дамыту және келесі жылы ұлттық төлем жүйесін толыққанды іске қосу жөнінде маңызды міндеттер жүктелгенін хабарлады.

Біз бизнесті жеткілікті дәрежеде несиелендіруді қамтамасыз ету міндетін көтергенімізге бір жыл ғана болған жоқ. Бұл жұмысты жеделдету қажеттігі жөнінде мен Қазақстан халқына Жолдауымда мәлімдедім. Аталған мәселе бойынша теңгерімді шешім табу, жаңа тәсілдерді, құралдар мен тетіктерді енгізу ісін белсенді түрде ынталандыру маңызды. Халықаралық қаржылық ынтымақтастыққа және Ұлттық банктің үшінші елдердің орталық банктерімен және қаржы институттарымен өзара іс-әрекетіне қатысты мәселелерге ерекше назар аудару қажет. Қазіргі геосаяси жағдайда еліміздің қаржы жүйесіне жаһандық реттеушілердің қызығушылығы артып келеді. Сондықтан осындай қарым-қатынас орнатуда теңгерімді әрі тиімді жол табу және елдің қаржылық қауіпсіздігі үшін тәуекелдер мен салдарға тиісті баға беруді қамтамасыз ету маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банктің ұжымы жүктелген барлық міндетті жүзеге асыра алатынына сенім білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы