Президент Үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды
Мемлекет басшысы Республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударды Осыған қатысты Үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.
Тағы да қайталап айтамын. Тасқынның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым. Соның салдарынан азаматтарымыз үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін тұрмыстық қолайсыздықтарға тап болды. Әрине, мемлекет шығынды өтеу үшін шаралар қабылдайды. Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады, – деді Президент.
Отырыс барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұханбетов, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.