Президент Үкіметке мемлекеттік шығыстарды басқарудың кешенді жүйесін құруды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мемлекеттік шығыстарды басқарудың кешенді жүйесін құруды тапсырды.

Бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік қаражатты жұмсау кезінде қабылданған барлық шешім барынша тиімді болуы керек. Қай жобалардың елге көбірек пайда әкелетінін және қайсысы жақсы уақытты күте алатынын түсіну маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық әсерді, нәтижені талдау қорытындыларын толық пайдалану қажет.

Қазір оларды кешенді бағалау, мониторингтеу және қолданудың тиісті тетігі әзірленіп жатыр. Бұл құралды әзірлеуді аяқтап, толық енгізу қажет. Бюджет қалыптастырудағы қате басқарушылық шешімдер елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауының қосымша тәуекелдеріне алып келеді. Сол себепті Үкіметке бюджет қаражатын ұлттық басымдықтарға сәйкес пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекеттік шығыстарды басқарудың кешенді жүйесін құру қажет, - деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы