28 Қазан 2026, 11:41 Фото: Ақорда

Президент Үкіметке елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақмерзімді энергетикалық теңгерімін жаңартуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстанның 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін өзектендіруді тапсырды. Президент бұл туралы Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда электр энергиясымен қамтамасыз етілу әр мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші факторға айналды.

Қазіргі заманның шындығы, түптеп келгенде, – электр энергиясы дәуірінің басталуы. Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Ашығын айтқанда, бұл салада проблема жеткілікті. Елімізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлық, ал энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды түрде өткізіледі. Сонымен қатар Қазақстанның энергетика саласы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Соның салдарынан қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс шарықтаған кезде көрші елдерден оны жоғары бағамен сатып аламыз. Ал жазда сол электр энергиясын күрт төмендетілген бағамен кері қайтарамыз, - деді Президент Жолдауда.

Тоқаев ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан қарапайым «бизнес» осындай екенін айтты.

Маған мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе екеніне сендіруге тырысады. Сондықтан кезінде Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын тоқтатып тастағанымызға таңғалудың қажеті жоқ. Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа энергия өндіруші қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі елдің қазіргі және болашақтағы қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін атап өтті.

Қазақстанда жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Өнеркәсібі, құрылысы, агроөнеркәсіптік кешені дамып келе жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуді, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтарын салуды жоспарлап отырған ел үшін электр энергиясын өндірудің бұл көлемі мүлдем жеткіліксіз, - деді ол.

Сондықтан алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет тұр: 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу.

Ол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағыларын және электр беру желілерін жаңғыртуымыз керек. Таза көмір энергетикасын толыққанды дамытуға және жаңартылатын энергетикаға, ең алдымен, күн электр станцияларына баса назар аударуымыз қажет. Жалпы, Үкімет елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін өзектендіруге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.