Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайды – депутат
Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Егемен Қазақстан" гезетіне, журналист Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатын оқыдым. Қоғам көкейіндегі іргелі сұрақтарға байыпты, салиқалы жауап берілген. Ішкі, сыртқы саясат, экономикалық өсім, адам капиталын дамыту, идеология саласы, Қаңтар оқиғасы, қосарланған билік, отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес, петиция заңы, кадрлық саясат және т.б. Әр тақырыпты тарқатуға және кеңірек кешенді түрде қарастыруға болады деп ойлаймын, - деді депутат.
Сүлейменова айтып өткендей, Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық Құрылтай көктемде өтетінін айтты. Идеология саласындағы көптеген мәселенің шешімін талқылайтын Ұлттық Құрылтай бүгінде сындарлы диалог платформасына айналғаны қуантады.
Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едеуір күшейтілді. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді, - деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуныша, енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек. Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек екенін айтты.
Сонымен бірге Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеген болатын.
Негізгі новеллалары:
- Отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу.
- Әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тарту.
- Отбасылық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда агрессорды үйден шығару. Қазір керісінше жәбірленуші әйел мен бала үйден кетеді.
- Харассмент үшін жауапкершілікке тарту.
- Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру.
- Басқа баламалы жазаны қабылдамау.
- Бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкінішке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсынылады. Олар құқық қорғау органдарының бақылауында болуы шарт.
Парламент Мәжілісі заң шығарушы орган ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте заңнаманы жетілдіруде азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда тиімді жұмыстар жасауға әзірміз. Дегенмен қабылданған заң нормаларын орындатуды қоғам болып күшейтуіміз де қажет. «Заң мен тәртіп» қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс деп ойлаймын, - деп атап өтті депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Басты міндетіміз – күшті заңдар қабылдау, зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін жағдай жасау және ең негізгісі, отбасылық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруда қоғаммен жұмыс жасау.