Президент: Түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалады
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды. Бұл – болашақта не боларын болжап білу мүмкін емес, қазіргідей алмағайып әлемде аса маңызды мәселе. Ассамблея этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданады, - деді Тоқаев.
Ол келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз екенін айтты.
Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек. «Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім әрекеттер ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек, - деді Президент.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанын айтты.
Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол Лаңкестік қауіп-қатерлер алғы шепке шыққанын айтты.
Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты. Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Көптеген азамат қайғылы оқиғаның құрбандарына жанашырлық, тілеулестік танытып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы ғимараттарының алдына гүл шоқтарын қойды. Әлемнің барлық дерлік елдері осындай көрініске куә болды. Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды. Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады, - деді Президент.