Президент: Транскаспий көлік бағдары көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.
Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды.
Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Осы коммерциялық келісімдер экономикалық байланысты нығайтуға жол ашады. Біз көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аудардық. Әсіресе Си Цзиньпин мырзаның Астанада жариялаған жаһандық "Бір белдеу, бір жол" бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық, - деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, былтыр теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 22%-ға артып, 28 млн тоннаға жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ляньюньган-Қорғас-Шығыс қатынасты және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артқанын атап өтті.
Қазіргі таңда Аягөз бағыты үшінші трансшекаралық теміржол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу іс-шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрылығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, - деп қосты Тоқаев Ақордада жасаған бірлескен мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді.