Президент төтенше жағдай кезінде ерекшеленген әскери қызметшілерді марапаттады
Абай облысында болған өртті сөндіруге қатысқан Қарулы күштердің әскери қызметшілері мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының Жарлығымен «Семей орманы» резерватындағы алапат өртті сөндіруде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қорғаныс министрлігі 53975 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Байдуллаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Нұрлан Қошқарұлы төтенше жағдай кезінде құрамына Астана, Жетіген, Шымкент авиациялық базаларының және Семей дербес авиациялық эскадрильясының экипаждары кірген Қарулы күштердің армиялық авиация тобын басқарды.
Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде армиялық авиацияның 21 экипажы 1764 рет жалпы көлемі 4960 тонна болатын су төгуді жүзеге асырды. Алты күн ішінде олардың ұшу уақыты 320 сағатты құрады.
Экипаждардың іс-қимылын үйлестіру, өртті өшіру тактикасын әзірлеу, жеке құрамның қауіпсіздік шараларын сақтау міндеттерін орындай отырып, полковник Байдуллаев өзі де өртті сөндіруге тікелей қатысты. Оның ұшу уақыты 40 сағатты құрады.
Температура көтеріліп, жел күшейген төтенше жағдайда ұшу-қону, суды толтырып алу мен төгу кезінде авиациялық оқиғалардың алдын алу маңызды болатын. Қорғаныс министрлігінің басшылығы қойған бұл міндет толықтай орындалды.
Қорғаныс министрлігі 28738 әскери бөлімінің бригада сержанты Талғат Жанғазинов «Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл награданың әскери қызметшінің төтенше жағдай салдарын жою кезіндегі сауатты қимылы, шебер әрі бастамашыл іс-әрекетіне берілген баға болғанын атап өткен абзал.
Төтенше жағдай кезінде бригада сержанты Талғат Жанғазинов жеке құрамның өрт ошағын сөндіру жөніндегі іс-қимылдарын басқарды.
Әскери топографияны жақсы білуі оған тез бағдарлауға және бағыныштыларды қаупі ықтимал аумақтан шығаруға көмектесті. Оның басшылығымен жұмыстар жүргізілген учаскеде тілсіз жаудың қайта тұтануына жол берілмеді.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен өрт сөндіруге қатысқан бірқатар әскери қызметшілер "Ел қорғаны" ведомстволық медалімен және ақшалай сыйлықақымен марапатталды. Жекелеген әскери қызметшілерге әскери атақтар мерзімінен бұрын берілді.