5 Тамыз 2026, 10:51

Президент Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы айтқан сөздері бір кітапқа топтастырылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 жылдан астам уақыттағы маңызды ой-пікірлері алғаш рет бір кітапқа топтастырылды. Басылымға не енді?

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы ой-пікірлері мен қанатты сөздері топтастырылған «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітап жарық көрді.

Басылымда Президенттің 1994 жылғы архивтік материалдардан бастап, кейінгі жылдардағы сөйлеген сөздеріне дейінгі отыз жылдан астам уақытты қамтитын таңдаулы тұжырымдары жинақталған. Кітапқа Мемлекет басшысының Қазақстандағы және беделді халықаралық алаңдарда сөйлеген сөздерінен алынған негізгі тезистері мен маңызды ойлары енгізілген.

Жинақ материалдары 21 тақырыптық бөлімге жүйеленген. Онда заң үстемдігі, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, білім беру және жастар саясаты, цифрландыру, ұлттық бірегейлік, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасы секілді өзекті бағыттар қамтылған.

Кітап Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет құру мен қоғамды дамытуға қатысты көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын айқын көрсетеді. Әр жылдары айтылған ой-тұжырымдар әділеттілік, заңдылық, жауапкершілік және ұлттық бірлік қағидаттарының Президенттің жария мәлімдемелерінде тұрақты түрде көрініс тауып келе жатқанын дәлелдейді.

Басылым мемлекеттік қызметшілерге, оқытушыларға, студенттерге, жас мамандарға, зерттеушілерге, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі тарихы мен даму үдерістеріне қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған.

Алдағы уақытта кітаптың таралымы қоғамдық кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, колледждердің, саяси партиялардың және жастар ресурстық орталықтарының қорына жолданады.