28 Қазан 2026, 12:26 Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту

Президент инфляцияны тежеуді, халықтың табысын арттыруды және бюджет саясатын тиімді жүргізуді тапсырды.

Қазақстанда инфляцияны төмендету және халықтың әл-ауқатын арттыру экономикалық саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке үйлесімді жұмыс істеп, баға өсімін тежеуге, бизнестің өнімділігін арттыруға және экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтуге басымдық беруді тапсырды, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақсарту.

Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тартылуда. Осы орайда, мына мәселеге назар аударғым келеді. Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды. Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар ол бұдан бөлек, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізуді ескертті.

Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляция – бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын сызат түсіріп отырған үнсіз жау. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен  инфляция деңгейі әлі де жоғары, - деді Президент.

Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек.

Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, - деді Мемлекет басшысы.