Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдарға қолдау көрсетті. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 8 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – ғылымның дамуына қажетті маңызды қадам. Бұл жас мамандарды жаңа жетістіктерге ынталандырып, олардың әлеуетін толық ашуға ықпал етеді, – деді вице-министр.
Шара барысында ғылым саласының үздік қызметкерлері де түрлі наградалармен марапатталды.
Министрлік биыл мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың тізімін жасап келеді. Алматы қаласынан 300-ге жуық өтінім қабылданған. Бұған қоса, «Отбасы банкпен» бірге 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жүзеге асырылып, осы күнге дейін 477 жас ғалым баспанаға қол жеткізген.
Жас кадрларға көрсетіліп отырған мұндай қолдау ғылымның дамуына, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және жаңа экономикалық кластерлер қалыптастыруға оң әсер етпек.