Президент тапсырмасы. Тоқаев төрт жылда Үкіметке қандай тапсырма жүктеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін 2019 жылдың 20 наурызында алды. Осы күнге дейін Президент Үкімет пен әкімдерге қандай тапсырмалар жүктегенін бір шолып шығуды жөн көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2019 жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев 27 наурызда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте тікелей инвестиция қоры биыл құрылғанын айтады. 

Әкiмдер мен Үкiмет анықталған жүйелiк және жедел проблемаларды жою бойынша барлық шараны қабылдауы, сондай-ақ тиiстi лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершiлiгi туралы шешiм қабылдауы қажет.Тікелей инвестиция қорына келетін болсақ, Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінді. Сондықтан Қор биылғы жылы нақты нәтиже береді деп күтемін. Министрлер мен әкімдер тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорт көлемі олардың қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіштері болатынын нақты түсінуі қажет. Президент Әкімшілігі қолданыстағы мемлекеттік органдарды бағалау жүйесіне тиісті өзгерістер енгізуі қажет. Одан әрі еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қалыптастырудағы жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру қажет, - деді Президент. 

Тоқаев 12 маусымда сайлаудан кейін Президент  қызметіне ресми кірісу рәсімінде 10 бағыт бойынша тапсырма береді. 

Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру.

Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою.

Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.

Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орынарын ашу.

Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу.

Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат.

Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.

Сегізінші бағыт«Рухани жаңғыру» құндылықтары

Тоғызыншы бағыт. Сыртқы саясат.

Оныншы бағыт. Жастар саясаты.

Президент 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында реформалардың алғашқы топтамасын ұсынды. 

Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық, - деді Президент. 

Ол Жерді игермей жатқандардан мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берді. Игермей, мемлекетке тапсырмай жатқандарға салық көлемін арттыруды қарастыратын болды. 

Бюджеттік қаражатты дұрыс қолдану бойынша Үкімет, Есеп комитеті мен Ұлттық банкке бірлесе жұмыс істеуді тапсырды. 

Үкіметке мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің 100-ден астам түрін қысқартуды тапсырды.

Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы айтарлықтай қысқарады. Қысқарту шамамен 40%-ды құрайды – 2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға дейін, - деді ол. 

Ақша-несие саясатының стратегиясы қабылданады. Менің Жолдауымда айтылғандай, микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылады. Оларды тексеруге дәл осындай мерзімге мораторий жарияланды. Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отыр. Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойылар емес. Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз. Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбай отыр. Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек, - деді Президент. 

Тоқаев барлық аймақтарда Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі керегін айтқан болатын. 

2020 жыл

Тоқаев 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. 

Президент Әкімшілігінің жанынан Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығын құруды тапсырамын. Орталық қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады, оның құрамына Президент Әкімшілігінің қызметкерлерінен бөлек, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері енеді. Бәлкім, бұл институт дамып келе жатқанда Президент жанындағы реформалар жөніндегі агенттікке айналар. Әзірге бұл Орталық бюджеттік шығынсыз құрылады, - деді Тоқаев. 

Президент ақша-несие саясатын қолға алу керегін айтты. 

Қарапайым тілмен айтқанда, несиені қайтара алатындарға беру керек. Жеке тұлғаларға берген несиелеріміз 1,4 трлн теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгені құрап отыр, оның толық қайтарылуы күмәнді. Ал заңды тұлғаларға берілген несие 590 млрд теңгеге азайған. Ендігі басты міндет – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Банк жүйесін жетілдіру тәсілдерін әзірлеу қажет. Бұл мәселені белгісіз уақытқа кейінге қалдырмай, шұғыл түрде жасалуы керек, - деді Президент.

Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінді.

2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6триллион теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес. Бірақ, өнімсіз шығындарды қысқартқан жөн, - деді Тоқаев. 

Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті.

Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды Интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. Онлайн оқыту ісі отандық оқу-ағарту ресурстарының пайда болуына тың серпін берді. Бүгінде 380-нен астам осындай ресурс тегін трафикке қосылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Дегенмен, әлі жеткіліксіз, - деді ол.

25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында Тоқаев 2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өсетінін айтты. 

Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту.

Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз. Барлық мектеп интернетпен, компьютермен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді, - деді Тоқаев.

Коронавирусқа қатысты дағдарыстан шығу үшін Президент жаңа ұсыныстарды алға тартты. 

1. Зейнетақы мен жәрдемақыны 10% индексациялау;

Президент инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырды. Сол үшін аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

2. Қосымша әлеуметтік төлемдерді кеңейту;

Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысы 42 500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырды. Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болды. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық адамға қолдау көрсетіледі.

3. Азық-түлік тегін алатын азаматтардың санын арттыру;

Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға беріледі.

4. Шілдеге дейін тегін медициналық көмек;

Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды.

5. Фермерлерге көмек;

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 70 млрд теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15%-ға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктеді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады. Көктемгі егіс жұмыстары Үкімет пен әкімдіктердің ерекше бақылауында болуы тиіс.

6. Карантин себебімен жұмысынан айырылғандарға жұмыс беру;

Енгізілген карантиндік шаралардың салдарынан елорда, Алматы және Шымкент қалаларының айналасында еңбекке жарамды халықтың, ең алдымен жастардың бос жүруі байқалады. Үкімет пен әкімдер аталған өңірлерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы нақты жобаларды дереу бастағаны жөн.

Сонымен қатар Президент «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден ең төменгі 2 жалақы есебінде немесе 85 000 теңге мөлшерінде тұрақты жалақыға қосымша «көтермеақы» беруді тапсырған болатын.

Жұмыс берушілер «Бизнестің жол картасы» бойынша жұмысқа тұрғандарды қолайлы еңбек жағдайымен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге тиіс.

7. Еңбекақы қорына төлейтін салықтан босату;

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған салықтық жеңілдіктер, қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру сияқты шараларды жариялады.

2021 жыл

Бұл жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қатысты тапсырмалар легі басым болды. 

Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны, - деді Президент 5 қаңтардағы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында.

Тоқаев 2024 жылы ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуді тапсырды. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуде Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру туралы айтты. 

2022 жыл

Жылдың басында Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға – «Қаңтар оқиғасы» болды.

Президент ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға аса көңіл бөлді. 

Біз Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құруымыз керек. Олардың барлығы бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылыс пен егемендігімізді кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатерлерден барынша тиімді қорғау жолында жұмыла жұмыс істеуі керек, - деді Президент. 

Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігіне қатысты тапсырмалар берді. 

Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығына қатысты тапсырмалар берді. Оның ішінде субсидиялардың тиімділігі мен оларды алатын шаруалардың жұмыс істеуін реттеу керегін айтты.

Тоқаев Конституцияға өзгерістерді референдум арқылы қабылдау туралы шешім қабылдады. 

14 шілдеде өткен Үкімет отырысында Тоқаев инфляцияны тұрақтандыру туралы тапсырма берді. 

Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы кере, - деді Тоқаев.

Бұл отырыста Тоқаев табысты арттыру, инвестор тарту, азық-түлік бағасын реттеу тапсырмаларын берді. 

Ревакцинацияны қайта жанданыруды тапсырды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан. Біздің елде де ахуал күрделене түсті. Алматы «қызыл» аймаққа қайта кіруі мүмкін. Негізгі себеп – тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал, - деді ол. 

Автожол инфрақұрылымын дамыту бойынша да бірқатар тапсырманы Үкіметке жүктеді. 

Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті, - деді Президент. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы