Президент тапсырмасы: Бірнеше өңірде жаңа мектептер мен балабақшалар ашылды
Абай облысында Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл стансаларындағы төрт теміржол вокзалы реконструкциядан кейін ашылды.
Қазақстан өңірлерінде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа оқушы орындарын ашу және мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті арттыру жұмыстары жалғасуда. Өткен аптада бірқатар жаңа және жаңартылған нысан пайдалануға берілді.
Абай облысында Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл стансаларындағы төрт теміржол вокзалы реконструкциядан кейін ашылды. Нысандарда жаңа перрондар мен платформалар салынып, күту залдары жаңартылды және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кедергісіз орта жасалды.
Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем теміржол вокзалы жаңғыртылып, қайта ашылды. Сондай-ақ өңірде жаңа оқу жылына орай жеті жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл облыстың 449 мектебінде 194 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 20 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы білім алуда.
Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы 4,2 мың орындық бес жаңа мектеп ашылды. Бұдан бөлек, 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді.
Түркістан облысында тоғыз жаңа мектеп пен қосымша ғимарат ашылды. Өңірде тағы 115 мектепті жаңарту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ұлытау облысының Мыңадыр ауылында заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражат есебінен 80 орындық жаңа мектеп салынды. Онда 18 сынып, робототехника кабинеті, спорт залы мен спорт алаңдары қарастырылған.
Ал Алматыда 120 және 160 орындық екі жаңа балабақша ашылды. Олар заманауи цифрлық құрылғылармен жабдықталып, балалардың білім алуы мен шығармашылық дамуына арналған кеңістіктермен қамтылған.