Бүгiн 2026, 08:52 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Президент тапсырмасы: 14 жас ғалым баспаналы болды

Бастама дарынды жастарды ынталандыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес 14 жас ғалымға пәтер сертификаты табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Бастама дарынды жастарды ынталандыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендия лауреаттарын марапаттау рәсімінде Президент атынан баспана сертификаттары салтанатты түрде тапсырылды.

Жаңа пәтер иелері география, балық шаруашылығы, ІТ, физика, химия, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттарда еңбек етіп жүрген жас зерттеушілер. Олардың қатарында Гүлдана Маратова да бар. Ол – Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері.

Гүлдана Маратова 12 жылдық еңбегінің жоғары бағаланғанына қуанышты екенін айтып, Мемлекет басшысы мен министрлікке алғыс білдірді. Бұған дейін жеке баспанасы болмаған жас ғалым енді екі бөлмелі пәтерге ие болды.

Айта кетейік, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін де Президент атынан ғылыми қызметкерлерге пәтер кілттері табысталған.