Президент тапсырма берді: Енді мұғалімдер орынсыз жазаланбайды
Президент "Педагог мәртебесі туралы" заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек, - деп баса айтты Президент.
Сондай-ақ Тоқаев балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санайды.
Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. "Педагог мәртебесі туралы" заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру, - деп айтты Мемлекет басшысы тамыз конференциясында.