Бүгiн 2026, 14:03 Фото: Ақорда

Президент: "Шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады"

Мемлекет басшысы ел тұрғындарының үштен бірі Түркістан облысында тұратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде жас азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Қазір Түркістан облысында 700 мыңға жуық жас азамат тұрады. Бұл – тұрғындардың үштен бірі деген сөз. Киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын болады деп сенімді түрде айтуға болады. Осы көп жас азаматтарымыз тұратын жерде тағы да мынадай сөзімді айтқым келеді: мен Президент ретінде еліміздің жастарына, олардың біліміне, қабілетіне, күш-қуатына зор үміт артамын, - деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, жанашыр ұрпақ елдің көркеюіне мол үлес қосады.  

Елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Бұл да ақиқат десек, орынды болар. Нағыз отаншыл азамат дегеніміз, бұл – ең алдымен өз жұмысын адал орындап, адал еңбек етіп жатқан адам. Адал еңбекпен келген табыс берекелі болады. Жалқау, еріншек адам ешқашан отаншыл азамат бола алмайды. Қоғамымызға жалаң ұран, бос әңгіме, құрғақ уәде, қызыл сөз керек емес, нақты іс қажет. Отаншылдық дегеніміз әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.