Президент сайлауында жарты миллион мүгедек дауыс бере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 680 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Солардың ішінде балаларды, соттың шешімімен сайлауға қатыспайтын адамдарды есептегенде, кемінде 500 мың мүмкіндігі шектеулі азамат президент сайлауында дауыс бере алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімдеді.

«Біз Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын 2015 жылы бекітіп, мақұлдадық. Өзімізге халықаралық міндет алдық. Біз соны орындауымыз керек. Жергілікті билік өкілдерімен бірге құлағы естімейтін, көзі көрмейтін адамдарға көмекшілерінің, сурдоаудармашылардың жандарында болуын қамтамасыз етуіміз керек», - деп айтты Сапарбаев Орталық сайлау комиссиясының отырысында. 

Ол жергілікті билік өкілдері осы жұмысқа волонтерларды, 3-ші және 4-курс оқитын жоғарғы оқу орны студенттерін пайдалану керек деп атап көрсетті.

«Ең негізгісі, әр 9950 сайлау учаскесіне азаматтарға жағдай жасалынуы керек. Былтырдан бастап министрлік жанында интернет-портал жұмыс жасайды. Қазіргі таңда интернет-порталға 30 мыңнан астам көлік әлеуметтік нысан, оған қосымша 6500 жуық сайлау учаскесі енгізілген. Орталық сайлау комиссиясы ұсынып отырған келісімді қолдаймыз. Бірігіп жұмыс жасаймыз. Жергілікті билік өкілдерімен бірге барлық қажетті мәліметтерді осы сайлау учаскелеріне, орталық комиссияларға береміз», - деп сөзін түйіндеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы