Президент сайлауына Семейдің дайындығы қалай?
Еліміздің әр түкпірінде сайлауға қарқынды дайындықтар жүргізіліп жатыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Осы мақсатта Ветеринария саласының докторы, Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаевтың пікірін білдік.
Кезектен тыс сайлауды өткізу – бұл жаңа Қазақстанды құруға таптырмас жол. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдың басы еліміз үшін үлкен сынақпен басталды. Сыртқы күштер ел ішіне іріткі салуға тырысты. Бұл сайлауды мемлекеттілікті нығайтудағы, азаматтық институтты дамытудағы, саяси тұрақтылық танытуға, саяси жүйені жаңғыртудағы жаңа кезең әрі үлкен мүмкіндік деп қарау керек, - деді З. Тоқаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша семейліктердің сайлауға деген көзқарасы жақсы.
Семей қаласының сайлау учаскелері Президент сайлауын өткізуге тас түйін дайын. Сайлау күні қалада 149 сайлау учаскесі жұмыс істейді деп жоспарлануда. Оның ішінде -19 жабық сайлау учаскесі. Жабық сайлау учаскелері - қандай да бір себептермен жалпы сайлау учаскелеріне келе алмайтын және әскери бөлімдерде, ауруханаларда, құқық қорғау органдарының мекемелеріндегі және т. б. азаматтар үшін жұмыс істейді.
Сондай-ақ, қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, үйде дауыс бере алады. Семей қаласындағы сайлаушылар тізіміне 232 мыңнан астам адам енгізілген,- деді ол.